Нұркент қалашығында екі мыңға жуық халық тұрады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгінде "Нұркент" қалашығының екі мыңға жуық тұрғыны бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Енді он жылдан соң мұндағы халық саны 50 мыңға жетеді деген жоспар бар. Мұнда негізінен темір жол, кеден, еркін экономикалық аймақта жұмыс істейтін мамандар тұрады. Әлеуметтік нысандардың барлығы салынып, пайдалануға берілген.

Осы және Алматы облысы Панфилов ауданындағы өзге де қызу тіршілікпен Астанадан келген халық қалаулылары мен министрлік өкілдері облыс басшыларымен бірге  танысты.

Оның ішінде Қорғас шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы да бар. Бүгінде орталыққа күніне 2 мыңға тарта адам келіп кетеді. Осы жылдың 9 айында тек кәсіпкерлердің есебінен қазынаға 70 мың доллар түскен. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда экономикалық қатынастарды әлі де жақсарта  түсу керек. Ол үшін Қазақстан тарабындағы жобаларды жылдамдатып жүзеге асыру қажет, деп санайды депутаттар. Ал орталықтың Қытайға тиесілі бөлігінде қайнаған тіршілік. Мұнда туристерге ондаған сауда орталықтары қызмет көрсетеді.

Сондай ақ еркін экономикалық аймақта орналасқан құрғақ порттың қуаты күннен күнге артып келеді.  Биылдың өзінде 160 мың контейнер жөнелтілген. 2020 жылға қарай жүк айналылымы 4,4 млн тоннаға жетпек. Қазір мұнда құны 150 млрд теңге болатын 69 жоба тіркелген. "Қорғас- Шығыс қақпасы" еркін экономикалық аймағын, яғни, Жібек жолын жалғайтын Батыс Еуропа - Батыс Қытай жолының құрылысы да аяқталуға жақын. Автомагистральдың жалпы ұзындығы 8 мың 500 шақырымға жуық. Оның 3 мыңға  тарта шақырымы Қазақстанға тиесілі. Бұл жол арқылы Еуропаға жүк бұрынғыдай 60 күнде емес, 15-20 күнде жеткізіледі. Оның бойында орналасатын сервистік нысандар жоғары деңгейде болуына талап қойылып отыр.

Депутаттар Жаркент крахмал-сірне зауытында да болды. Бұл өндіріс орны  Қазақстанда ғана емес, Азия елдерінде жүгері өңдейтін ең ірі зауыт.  Жылына 360 мың тонна шикізат өңдейді.26 түрлі өнім шығарады. Мұнда 1200 ге жуық адам жұмыс істейді. Оған қоса жүгері өсіретін 2 мыңға тарта шаруа қожалығының де еңбегі осы зауытпен тікелей байланысты.

Алаңдатын жайт. Қорғас өзенінің қаупі зор. Өзен басын Жоңғар Алатауынан алады. Ал, ондағы мұздықтар кейінгі жылдары ауа райының жылынуына байланысты өзгере бастаған. Сондықтан, селден қорғау жұмыстары кезек күттірмейді. Ол өзен жағасы бекіту, тоспа қоюмен бітпейді. Оған қоса су қоймасын салу керек. Бұл жұмыстарға 54 млрд теңге қаржы керек. Өзеннің тасу қаупі жыл салып қайталанып келеді.

«Төменде температура 30-35 градусқа көтерілгенде, тауда 10-12 градусқа жылиды. Әрине одан соң мұздықтар ери бастайды. Көлшіктер пайда бола бастайды. Оның көлемі де әртүрлі  200-300-ден 1 млн текше метрге дейін жетеді. Әрине бірі біріне құйылған соң сел қаупі туындайды», - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Селден қорғау мекемесінің мамандары өзге де мәселелерін  ашық айтты. Мәжіліс депутаттары барлығын тиісті орындарға жеткізуге келісті. Іссапар барысы Алтынкөлде қорытындыланды.  Сонымен қатар, айтуларынша  "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық  орталығындағы жүйе әлі де болса жандандыра түсуді қажет етеді. Тауар алып өтуге қатысты талапқа өзгеріс енгізіліп, данасы мен салмағына қатысты шектеулер қайта қаралса, дейді депутат Азат Перуашев. Жалпы орталықта сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу жолдарын қатайту мәселесі де кеңінен талқыланды. Халық қалаулылары облыста атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

«Біз бірінші кезекте халықтың жағдайын ойлауымыз керек. Әсіресе орта және шағын бизнеске кедергі келтіретін мәселелерді болдырмауымыз тиіс.  Біз осы бағыттағы жұмыстарды жақсартатын боламыз.  Қорғас шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығына қатысты өз ұсыныстарымызды білдірмекпіз. Ол қатарда орталықтың қауіпсіздігін арттыру, кейбір нысандарды қайта қаржыландыру сияқты кезек күттірмес жайттар бар. Осыған қатысты заңнамаларды қайта қарауды талап етеді»,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владимир Божко. 

Халық қалаулылары Нұрлы жол бағдарламасының аясында Алматы облысында қыруар шаруа жасалғандығына куә болды. Аталған стратегиялық маңызы зор жобалар бәрі ел игілігіне қызмет етпек. Елбасы саясатының да көздегені осы.   

Соңғы жаңалықтар