Нұрислам Құспанғали: Көз көрген Қытай...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады. Бүгін Нұрислам Құспанғалидің «Көз көрген Қытай» атты материалы жарияланады (автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған).

***

Бір белдеу, бір жол - бірегей жоба

2012 жылдың қыркүйек айында Аста­наға ресми сапармен келген Қытай Төр­ағасы Си Цзиньпин Назарбаев Универси­тетінде дәріс оқып, «Бір белдеу, бір жол» жобасын құру идеясын ұсынған еді. Ол жобаны саясат, сауда, көлік, қаржы және адам өлшемдері негізінде дамытуды қолға алу керектігін айтты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұл идеяға бірден қолдау көрсетіп, жоба аясында еліміз әлем­нің барлық елімен экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, адамзат өркениетінің жедел түрде кеңи түсетінін білдірді.

Кейін ҚХР Төрағасы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне де жасаған іссапарында өзара бірігіп, Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Жібек жолының ХХІ ғасырдағы теңіз жолын жасау жөнін­дегі нақты ұсынысын жариялады. Содан бері «Бір белдеу, бір жол» идеясы кең етек алып, оны жүзден аса ел қуаттап, оның жартысы Қытаймен ынтымақтастыққа қол қойып үлгерді.

Қазіргі уақытта «Бір белдеу, бір жол» XXІ ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналған. Жоба әлем халқының жартысы­нан көбін өзара байланыстырып, әр түрлі сала бойынша біріктіріп отыр.

Өткен жылы Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев:

- Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары мил­лион­даған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп,  өмір сүру дең­гейіне әсер етті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық коопера­цияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезіну­де... «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартым­ды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді, - деді.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қыз­мет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажеттігін айтқан еді. Қазіргі таңда Қазақстан осы мәселе бойынша нақты шаралар қабыл­дауда. Ал ол өз кезегінде сараптама мен қаржыландыруды талап ететіні анық. Елбасының пікірінше, Азия инфрақұ­ры­лымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржы­ландырып отыру қажет.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Еура­зияда ежелгі Жібек жолын жаңа форматта қайта жаңғырту идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға дер кезінде берілген жауап екенін жеткізген Қазақстан Президенті «Бір белдеу, бір жол» идеясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін мүдделі мемлекеттер арасында өзара сенім орнап, олардың тең құқықты және кез-келген ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екенін де айтып келеді.

Қазақ-қытай қатынасы

Қытайда «Екі ел қатынасы - халық достығына, ал халық достығы - жүрек жақындығына» деген сөз бар екенін білдік. Ал қазақ ұлты қадым заманнан көршімен де, қоңсымен де емен-жарқын араласып, арада арба да, дорба да жүргізгенін тамырлы тарихтан білеміз. Қазіргі уақытта қос ел өзара саяси, экономикалық, әлеу­меттік, қауіпсіздік және рухани байланыс орнатып, екіжақты ынтымақтастықта өмір кешуде.

Бүгінге дейін ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен 15 рет кездесіп, екі ел арасындағы алыс-берісті талқылаған екен. Ал Қазақстан Президенті күншығыстағы көршімізге іссапармен 24 мәрте барыпты. Ел тәуелсіздігін алып, алғашқы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезеңмен салыстырғанда қазіргі уақытта қазақ-қытай арасындағы сауда көлемі 40 есеге артқанын сарапшылар айтып жүр.

2010 жылы Қытай елі 41 ЭКСПО көрмесін өткізіп, оған тұңғыш рет қатыс­қан Қазақстан жеке павильонын салды. Ал былтыр Астанада өткен ЭКСПО көрме­сінде Қытай павильонының жалпы көлемі 1000 шаршы метрді құрап, көрме алаңын­дағы ең үлкен аумаққа ие болды.

Сондай-ақ, 2017 жыл Қытайдың Қазақ­стандағы туризм жылы атанып, елімізге 1 мил­лионнан астам қытайлық турист саяхаттап келген. Бұл екі елдің мәдени, экономикалық қатынасын одан әрі тереңдете түсуге сеп болды.

2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиада ойындарының алауын алғаш болып Алматы қаласы қабылдағанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл Қытай елінің көрші елге деген сенімі мен достық ықыласынан туған қадам еді. Бұдан бөлек, жарты әлемнің таңдайын қақтырған әншіміз Димаш Құдайберген Қытайда ұйымдастырылған «І am sіnger» байқауына қатысып, қазақтың да көмейіне бұлбұл ұялайтынын дәлелдеп берді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы дос­тық байланыстан туған осындай шара­ларды тізе берсек, бір емес, бірнеше кітап жазуға болады. Осының барлығы екі елдің ежелден келе жатқан тарихи сабақтас­тығының арқасында орнаған әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланысы­ның бүгінгі таңда бірнеше есеге артқанына айғақ бола алады. 

Жібек жолы: кеше-бүгін

2014 жылдың 22 маусымында ЮНЕС­КО-ның кезекті 38 сессиясында әлемдік мұралар кеңесінің төрағасы  Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның «Жібек жолы: Чанъань - Тянь-Шань дәлізі жол желісі» бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіргенін жариялады. Оның ішінде үш елдің 33 жәдігері, яғни 25 археоло­гиялық мұрасы, 3 көне тарихи құрылыс ныса­ны, 1 көне мола және 4 храм ескерт­кіші бар.

Мұралар тізімінде қазақ жерінен (VІІІ-XІV ғ.) ғасырларда салынған Ақыртас кешені, Өрнек (VІІІ-XІІ ғ.), Қарамерген (ІX- XІІ ғ.), Құлан (VІ-XІІІ ғ.), Қостөбе (VІ -XІІ ғ.), Талғар (VІІІ-XІІІ ғ.), Ақтөбе (VІІ-XІІІ ғ.) және Қойлық (VІІІ-XІІІ ғ.) секілді көне қалалар бар. Олардың бәрі өз дәуірінде Жібек жолы бойындағы ірі сауда орындары болып, Шығыс пен Батыстың арасын байланыстырып отырған.

2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин «Нұрлы Жол» Жаңа эконо­микалық саясаты мен «Жібек жолы эконо­микалық белдеуі» бағдарламасын үйлестіру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Жібек жолы бойында орналасқан елдердің экономика, жүк тасымалы, өнеркәсіп, энергетика және байланыс саласындағы ынтымақтастығын арттыруды көздейтін қытайлық бастама мен «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатының ұштасуы қос мемлекет арасындағы көпсалалы экономи­ка­ның ілгерілеуіне әкеледі.

Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақ­станның өндіріс саласындағы ынтымақтас­тығы жоғары деңгейге жетіп, құны 26,8 млрд. доллар болатын 51 жобаға қол қойыл­ған. Сондай-ақ, еліміз арқылы Қы­тайдың 13 қаласынан Еуропа бағытына көптеген жүк пойыздары өтеді. Бұдан бөлек, Қазақстанда 5 Конфуций инсти­туты ашылса, көрші елде 3 Қазақстан орталығы жұмыс істейді.

Жібек жолы энергетикасында да бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. 2006 жылдың 25 мамыр күні тұңғыш рет шет ел­ден Қытайға құрлық арқылы келетін мұнай құбыры іске қосылды. Ал бұл - Қазақ­станның үшінші ел шекарасы арқылы экспортталмайтын алғашқы мұнай құбы­ры. Жалпы, ұзындығы 2800 шақырым­ды құрайтын желі Атырау-Кеңқияқ-Көм­кер-Атасу жолы арқылы Алашанькоу беке­тінен өтіп, Қытайдағы соңғы бекет - Душаньцзыға (Майтау) жетеді.

Сонымен қатар, 2014 жылы Қытайдың ұсақ тұрмыстық бұйымдар шығаратын көптеген өндіріс ошақтары шоғырланған Иу қаласынан Еуропаға дейін теміржол арқылы жүк тасымалдау желісі іске қосылды. Тауар арнайы жүк пойызына тиеліп, Шыңжаңдағы Алашанькоу шекара өткелінен Алматыға, одан әрі Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты елдерге жетеді.

Қытайлық өнімнің қазіргі бағыты ежелгі Жібек жолының көшірмесі іспетті. Тек сол дәуірдегі түйе керуендерін ғасырлардан кейін тас, темір, әуе жолдары алмастыра білді. Бұл олар үшін теңіз жолы арқылы тасымалдаудан әлдеқайда тиімді болып отыр. Яғни уақыт пен қаржылық шығынды бірнеше есе үнемдеуге жол ашылған.

Қытаймен теміржол байланысы Қазақ­стан үшін де ыңғайлы болмақ. Былтыр 720 тонна бидай тиеген жүк пойызы шығыс­тағы шекарадан өтіп, Ляньюньган порты арқылы Вьетнамға жөнелтілді. Бұл - қазақстандық астықтың Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тұңғыш экспортталуы. Екі елдің стратегиялық қарым-қатынасының күн санап артуына байланысты Қазақ­станның Оңтүстік Корея, Жапония және тағы да басқа Оңтүстік-Шығыс Азия мемле­кеттеріне экспорттаған тауар көлемі 4,5 млн. тоннаға жетіп, импорт көлемі 2 млн. тонна болған. Осының бәрін екі ел арасындағы достық қатынастың шынайы белгісі деп білуіміз керек.

Біз білетін Бейжің

Біз буынып-түйініп ұшаққа отырғанда, мүлде беймәлім әлемге енетінімізді білген жоқпыз. Алматыдан жер бауырлай көтеріл­ген айырплан қараңғы түнді қақ жарып, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығы Үрімжі қаласына жете бергенде, бәріміз жапа-тармағай сыртқа үңілдік. Жарығы таусылмайтын үлкен шаһардың үстін бойлай өтіп, айлаққа жеткенше терезеден көзімізді алмадық...

Аэропорт ішіне кіріп, Қытай елінің астанасы - Бейжің қаласына апаратын рейсті біраз күтуге тура келді. Шарша­ғандар сөмкесін жастанып, орындықтарға жата кетті де, бейтаныс жұртпен таныс­қысы келген жолдастарым әр дүңгіршекке кезек-кезек бас сұғып, білген ағыл­шыншасын сапырып жүр. Бірақ қытай тілінен басқаны білмейтін жергілікті қыздар бетімізге күле қарағаннан басқа ештеңе айтпайды. Әрі-беріден соң қарнымыз ашып, қарсы бетте тұрған мейрамханаға енгенімізде қаракөлеңке бөлмеде тәтті ұйқыда жатқан даяшы мен аспаз лезде жинақталып, бізді дайын үстелге отырғызды. Қандай тамақ ішкіміз келгенін жанымыздағы Виолетта арқылы жеткіздік. Виолетта - Алматыдағы Қытай елшілігінің өкілі. Осыдан кейін бір апта бойы өзімізге қажетті нәрсені сұрау сол қыз арқылы өрбіп отырды.

Ал Үрімжі мейрамханасындағы тамақ­тың ащылығын айтып жеткізу қиынның қиыны еді...

Таң әлетінде тағы жолға шықтық. Бағытымыз - Бейжің. Діттеген жерімізге түске таяу жеттік те, асығыс тамақтанып, Гугун ( қазақша мағынасы - «Тыйым салынған қала») кешеніне жол тарттық. Автобустың ішінде Таң Лина есімді экскурсшы бізді Бейжің және жалпы Қытай туралы біраз мәліметке қанықтырып отырды.

Көрші елдің арғы-бергі тарихымен таныса отырып, «Тыйым салынған қалаға» да жеттік. Әлемдегі ең үлкен сарай кешенінің жалпы көлемі 720 мың шаршы метр болса, ондағы ғимараттың саны 980, бөлменің саны 9999 екен.

1420-1912 жылдар аралығында Мин династиясы мен Цин династиясына дейінгі 24 патшалық өмір сүрген сарай 1987 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қытайдан алғаш болып енген.

Өзінің атауы айтып тұрғандай, Гугун сарайына императордың бұйрығынсыз ешкім кіріп-шыға алмайтын болған. Тіпті, ХІХ ғасырдың соңына дейін ешқандай шетелдік бас сұғып көрмепті.

Кешке дейін Бейжің циркіндегі акро­баттардың өнерін тамашалап, Қытайдағы алғашқы күнімізді де тәмамдадық.

«Бір төбе» көліктер

Екінші күні жоспар бойынша Бейжің­нен шеткері жатқан Қытай қорғанына аттандық. Таң Линаның таңдайынан Қытай астанасы туралы ақпарат әдеттегідей толас­сыз төгіліп жатты. Солардың арасынан қызықты бір мәлімет естіп қалдым...

Бейжіңдегі автокөліктердің басқа қаладағы машиналарға қарағанда, бағы бар екенін білдік. Өйткені, арнайы рұқсаты болмаса, «қонақ» көліктер астанаға емін-еркін кіре алмайтын көрінеді. Керісінше, астаналық машиналар Қытайдағы кез-келген шаһарды армансыз шарлай алатын мүмкіндікке ие. Бұл ереже қаладағы ауа тазалығын сақтау шараларының бір бөлігі екенін кейін білдік. Жақын уақытта Бейжіңдегі барлық автокөліктің орнын электромобильдер басатыны туралы да естідік.

Турагент айтқан қызықты ақпараттар мұнымен бітіп қалған жоқ. Өзіме керекті дегендерін қойын дәптеріме түрте отырдым.

Қойын дәптерден:

Бейжің сөзін қазақшаға аударсақ, «Солтүстік астана» дегенді білдіреді;

Бейжің - Шанхайдан кейінгі Қытайдағы екінші ірі қала;

2006 жылғы есеп бойынша Бейжің тұрғындарының 10,35 пайызына Ван тегі берілген.

Қытай қорғаны туралы ақпаратты мектепте оқығанбыз. Хуанхэ алқабында өмір сүрген жеті патшалық солтүстігіндегі көшпелі ғұн, сақ және дунху тайпала­рының шабуылынан сақтану мақсатында шекараларына биік қорғаныс қамалдарын тұрғызды. Кейін Цин Шихуанди патша­лықтардың басын қосып, үзік-үзік қорғандарды біріктіру туралы шешім қабылдаған. Құрылысына 10 патшалық қатысқан қорған уақыт өте келе ұзарып, бүлінген қабырғалары қайта жөнделіп отырған. Қазір оның жалпы ұзындығы - 21,2 шақырым.

Түстен кейін императорлардың демал­уына арналған жазғы бақты (Ихэюань) тамашаладық. Талай патшаның табаны тиген жердегі табиғат көрінісін сөзбен айтып жеткізу оңай емес.

Бейжіңдегі үшінші күнді 52 қабатты Қытайдың телеорталығынан бастадық. Үшінші қабатында жасыл-желекті бағы бар қаланың қақ ортасына орналасқан ерекше үлгідегі ғимарат алыстан көз тартады. Қазақстаннан барған тілшілер қауымы сол жерде ССТV арнасының орыстілді басшы­ларымен кездесіп, ұжыммен танысты. Сондай-ақ, студияларға бас сұғып, жаңа­лықтар мен басқа да бағдарламалардың қалай жасалатынын көрді. Арна басшы­ларының айтуынша, 16 ақпан күні Нұр­сұлтан Назарбаевпен болған сұхбат қай-қай тарап үшін де ерекше маңызға ие.

Сосын әлемдегі ең үлкен алаң Тяньань­мэнге бет бұрдық. Ол қытай халқының символикалық жүрегі болып саналады. Себебі, қаладағы орталық алаң төңірегінде Халық өкілдерінің жиналыс үйі (парла­мент), Қытайдың тарихи, револю­циялық мұражайлары, Халық батырларына арнал­ған ескерткіш және Мао Цзэдунның мұра­жайы салынған. Сонымен қатар, ол жерде мемлекеттік кітапхана, орталық теледидар үйі, халықаралық сауда үйі, Қытай театры, ірі әкімшілік мекемелер, ірі жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдени-спорттық кешендер орналасқан.

Қойын дәптерден:

Бейжіңдегі ең ұзын көше 42 шақырымға созылып жатыр;

Қытай астанасында 5 теміржол бекеті бар;

ССТV арнасында 33 студия жұмыс істейді;

Әлемдегі ең үлкен дисплей - Бейжіңде.

Біздің делегация түстен соң Қытайдың Ұлттық шетелмен достық ұйымына (ҚҰШДҰ) барды. Сол жердегі музейді аралап, ұйымның немен айналысатыны туралы көптеген мәліметтер алдық. Сосын «Бір белдеу, бір жол» бесжылдығы: Қазақстан мен Қытай бастамасы» деген тақырыппен өткен жастар семинарына қатыстық. Оған Қытайдағы Қазақстан елшілігінің өкілі мен Бейжіңде оқитын қазақстандық студенттер келді. Семинарда екі ел қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілгені және алға қойылған мақсат­тардың орындалуы үшін не істеу керектігі кеңінен талқыланды.

Семинарға Бейжіңдегі оқу орында­рының бірінде қазақ тілінен сабақ беретін Ханшайым апай өзінің 3-4 қытай студентін ерте келіпті. Қазақша еркін сөйлемес де, олар өздеріне Дана, Гауһар, Айсұлу, Жұлдыз есімдерін меншіктеп үлгерген.

Қытайдың айдаһарға «айналу» себебі

Бәрі аңыздан басталғаны анық. Айда­һар туралы аңыздар біздің де ертегілері­мізде жиі кездеседі. Орыстарда үш басты құбыжық бар екенін өзіміз оқып өстік. Басқа да мәліметтерге сенсек, қатыгездік пен қорқыныштың символына айналған айдаһар бейнесі батыстық елдердің біразында бар көрінеді. Біреуінің қолы жоқ болғанмен, аяғы бар. Ал екін­шісінікі керісінше. Бірақ сол аңыздардың көбінде қабыршақ денелі қанатты мақұлық ретінде сипатталады.

Көз көрген Қытай елінде айдаһар ұғымын білдіретін «Лун» есімі өте қастерлі. Тарихына қарасақ, ғасырлар бұрын им­ператорларды айдаһарға теңеп, өлгеннен кейін де ел мен жерді қорғай алатын ерек­ше қасиетке ие деп ойлаған. Қазіргі уақыт­та Қытай еліндегі әр отбасы өздерінің бала­сын «кішкентай императорым», «кішкентай айдаһарым» деп еркелету арқылы бола­шағынан зор үміт тосып жүреді.

Бала күнінде «Сяулун» (кішкентай айдаһар) атанған Брюс Ли танымал­дылықтың биігіне шыққанмен, жастай өмірден озып, оның орнын Джеки Чан басады. Бірақ одан да ерте айырылып қалудан қорыққан қытайлықтар Чанды «Ченлун» деген атаған. «Ченлунның» қазақшасы - сәтті айдаһар. Осыған қарап-ақ, көрші елдегі айдаһарға деген құрметтің қандай деңгейде екенін білуге болатын сияқты.

Сапар барысында сан ғасырлық тарих­тан қалған ғимараттардың шатыры­нан бірінің артына бірі отырған 4-5 құбы­жықтың шағын мүсінін жиі кездестірдік. Фуси есімді императордың дәуірінде сарайдағы лауазымды қызметкерлерге өз дәрежелеріне сай әр түсті киім кигізіліп, оның үстіне әр түрлі айдаһарлардың бейнесі салынып отырған. Мұның бәрі олардың шенін оңай ажырату үшін жасалғанын түсіндік. Сол сияқты, шатырға «қонған» құбыжықтар да ғимаратқа кіру құқығына ие шенеуніктердің белгісі болып шықты.

Аңыз арқылы ұлттық идеологияны бір ізге салып, оның «өлмес» рухынан ғасырлар бойы күш алып отырған Қытай жұртының «Айдаһарлар елі» атану себебі осында жатыр.

Қытайдағы көпқұдайшылық

Төртінші күні Янцзы өзенінің бойына орналасқан Хубэй провинциясының орталығы Ухань шаһарына келіп жеттік. Үш бөліктен тұратын қаланы ірілі-ұсақты өзендер бөліп жатыр. Қаладағы шағын аралдардың бәрін көпірлер жалғап жатқан­дықтан ел аузында «Көпірлер қаласы» атанып кеткен. Бұл туралы Уханьның көрме залындағы қыздар түсіндіріп берді.

         Қаланың құрылысымен танысып болған соң Гуйюаньсы храмына тарттық. Кірген бетте шоқтанған шидің айналаны көк түтін етіп тұрғанын көрдік. Кытайдың көпқұдайшылдығына осы жерде көз жеткізгендей болдым. Айналаның бәрінде - будданың мүсіні. Әр түрлі кейіптегі көптеген «құдайға» сыйынушылар да аз емес. Тізерлей отырып, екі алақанын бір-біріне қосқан күйде мінәжат етіп жатады. Ал біз оларды қызықтап, сурет пен видеоға түсірумен жүрміз.

Кешкісін қонақүй орналасқан Чжун­шань даңғылы жанындағы Цзичин көше­сінде серуен құрып, қаланың көркемдігіне көз тойдырдық. Осы жерден түнімен аз ұйықтап, күні бойы асығыс жүретін қытай халқының бос уақытта демалғанды ұнатынын да байқадым.

Бесінші күні Ухань қаласының симво­лына айналған «Сары тырна мұнарасына» бардық. Талай ғасырды бастан өткізген тарихи ғимаратқа ақындар өлең арнаса, суретшілер оны бояумен кенепке түсірген. Ішкі Қытайдағы танымал үш мұнараның бірі саналатын оған әлемнің әр өңірінен келетін туристер әлі күнге азайған емес.

Кейін «Дунху люйдао» даңғылымен жүріп, Мошань биігіне көтерілдік. Сол жерде қоңыраулар театрының концертін тамашалап, кемемен серуендедік. Ухань қаласынан алған әсердің ерекше болғанын мойындау керек. Тарихы тасқа қашалған халықтың тамыры осы төңіректен - Янцзы өзенінің бойынан басталғанын өздері де айтып жүр.

Кешкісін Қытайдың ең ірі қалаларының бірі Чунцинге ұшып жеттік. Ертесіне, яғни сапарымыздың алтыншы күні қалалық партия комитетінің мектебімен танысып, олардың «Бір белдеу, бір жол» бастама­сының жетістіктері туралы баяндамасын тыңдадық. Жергілікті басшылар жақын уақытта Чунцин мен Алматы арасына тікелей қатынайтын ұшақ рейсін ұйым­дастыруды қолға алып жатқан көрінеді. Бұл жоба екі тарап үшін үлкен жетістік болар еді дейді. Өйткені, Қазақстанның бірінші экономикалық орталығы мен Қытайдың Шанхайдан кейінгі екінші экономикалық орталығы арасындағы байланыс қос елдің алыс-берісін жаңа деңгейге көтереді деген сенімдері бар екен.

Қытайға арнаған жетінші күнімізде таңмен таласа Цзиньфо («Алтын будда») тауына бардық. Көз тартар табиғатқа таңдайы­мызды қаға жүріп, талай қызықты көрдік. Мысалы, біз кірген тау үңгірінде орналасқан будданың алып мүсіндері адамды таңқалдырмай қоймайды. Екінші жағынан, көлеңкелі жерде тұрған қалқан­құлақты үлкен мүсіндердің жансыз көзқа­расы аздап үрейлендіреді де. Дәл осы үңгірде Қытайдың көпқұдайшылығы бағзы замандардан бастау алатынын түсінгендей болдым.

Күн ұясына қонған тұста үлкен кемеге отырып, түнгі қаланың әдемі келбетін қимас­тықпен тамашаладық. Өйткені, ерте­ңіне Үрімжі арқылы Алматыға ұшатын едік.

Қойын дәптерден:

Чунцин қаласындағы тұрғындар саны - 33 млн. шамасы;

Бір жылда әлемде өндірілетін ноутбук­тың үштен бірі және 200 млн.-ға жуық смарт­фон осы қаладан шығарылады;

Тау ішіндегі будданың жанында адам көлеміндей 1800 монахтың мүсіні бар;

Чунцин қаласында тұрғын үйдің ішімен өтетін теміржол бар.

Қытай қалай тамақтанады?

Шығыстағы көршіміздің құрт-құмырс­қа, бақа-шаян, шыбын-шіркей жейтіні туралы естіген боларсыз. Біз де дәл солай ойладық. Жат жұртқа табанымыз тиісімен алдымызға табақ-табақ ет, қазы-қарта, жал-жая тартпайтынын алдын-ала сездік. Ас ішкен сайын ыдысымызға шұқшия қараймыз. Сондағы секемнің түрі белгілі: жәндік жеп қоймасақ болғаны. Оның үстіне, Үрімжідегі мейрамханада жеген тамағымыздың ащылығы ұмытыла қойған жоқ.

Бізді күтіп алып, асты-үстімізге түскен адамдар түскі-кешкі асқа барған сайын оның біз үшін арнайы адал пісірілгенін қайталаумен болды. Сонда да алдын-ала қарап алатын әдет шығардық.

Расында құстың, сиырдың, қойдың, балықтың етінен бастап, дастарханға қойылған әр түрлі тамақ тәбет ашпай қоймайды екен. Қып-қызыл шоқ үстінде қыз-қыз қайнаған күйі алдымызға келген қазанның да түр-түрін көрдік. Көптеген мейрамхана дәл осындай ескі дәстүр бойынша қызмет көрсететін боп шықты.

Сондай күндердің бірінде қызық жағдай орын алды. Әбден қарнымыз ашып, ауқат­танбақ болып үстелге отырдық. Алдымызға өзім айтқан қазан келе қалды. Астында - маздаған от. Ішінде - қайнаған су. Іле-шала ыдысқа салынып, күннің көзі оңай өтетіндей өте жұқа етіп кесілген алақанның жартысындай ет әкелінді. Күні бойы ас-сусыз жүрсек те, әдептен озбай үнсіз бақы­лап отырмыз. Кенет жанымда отырған жолдасымның шыдамы таусылып, қос таяқшамен әлгі тілім еттің біреуін тұздыққа батырды да, аузына тастап жіберді. Көзіміз бажырайған күйі қарап қалдық. Кірпік қаққанша бір-екі шайнап үлгерген ол бір сәт қимылсыз қалды. Сосын екі жағына кезек-кезек қарап, аузын қолымен басқан күйі сыртқа жүгірді. Сөйтсек, оның асқа­занына асыққан ет шикі болып шықты. Негізі, тілім етті жемес бұрын қазанда қайнаған суға 5-10 минут салып, пісіріп алу керек екен. Содан кейін ғана қанша жесең де, рұқсат! Дегенмен, әлгі жігіттің қылығы бәрімізге сабақ болды. «Жеті өлшеп, бір рет кесудің» маңыздылығын ұқтық.

Ал қытай халқының шыбын-шіркейге әуестігі бар екенін өздері де мойындайды. Бірақ бір провинциясында ғана күнделікті аста тұрақты түрде пайдаланатын көрінеді. Осы туралы айтқан қытайлық өкілдер бірлі-жарым жерде болмаса, бақа-шаянның басқа өңірлерде мүлде желінбейтініне сендіріп бақты. Мейлі, солай-ақ болсын.

Бір қызығы, қырыққабат сорпасы, қырыққабат салаты секілді, тағы басқа біз білмейтін шөп-шаламнан жасалатын тағам­дар алдымызға лек-легімен келіп жатты. Солардың ішінен бам­буктан жасалынған ып-ыстық тамақты көргенде таңқалдық. Біз білетін, біз оқыған бамбук ағашын адамдар құрылысқа пайдаланушы еді...

Айтса-айтқандай, Қытайда бамбуктың бірнеше түрі өседі екен. Көбі құрылыс материалдары есебінде пайдаланылады. Жеуге жарамсыз. Дегенмен, ішкі Қытайдың кей аймақтарында өсетін төрт қырлы бамбук ас мәзірінен түскен емес. Дәмін татып көрмесем де, денсаулыққа зияны жоқтығын білдім. Тіпті, оны ұнатқан әріптестерім де табылды.

Ал күн сайын нан орнына жүретін күріш туралы не айтуға болады? Не тұзы, не басқа қоспасы жоқ суға пісірілген оны ащы тамақтан әбден зәрезап болғанда амалсыздан жеуге тура келді.

Қойын дәптерден:

АҚШ-қа қарағанда Қытайда ағылшын тілін білетіндердің саны көп;

Қытайдың барлық өңірі бір сағаттық уақытпен жүреді;

Күріш - әлемдегі ең көп пайдаланылатын дәнді дақыл;

Қытай тілінде жасалынған пернетақта ешқайда жоқ.

Сөз соңы

Қытайдың қандай әсерімен есте қалары кім-кімге де қызық болар. Өз басым, ең алдымен, ауыз қуыратын ащы тамағын айтар едім. Тіпті, бұрыш қосылған «Сникерс» шоколадын көргенде көзімнің атыздай болғаны бар. Сосын жеті күн бойы нан орнына күріш жеп, ұйғыр асханасына барғанда көкемді көргендей қуанғанымды ұмытпаспын.

Қытайдың әсем табиғаты да естен шыға қоймас. Ию-қию жолдары мен әрлі-берлі ағылған ірілі-ұсақты көліктер, шайтанар­балар және таңнан кешке дейін тыным таппайтын еңбекқор халық - осының бәрі естелік болып қала береді.

Бір сөзбен айтсақ, көкпен таласқан шыны ғимараттар, түртіп қалсаң, тарихы сөйлей жөнелетін ескі сарайлар, белгісіз бағытқа асыққан адамдар, жынойнақ қумайтын жастар - көз көрген Қытай.

Соңғы жаңалықтар