+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Нұрхан Жалиев: Шеттегі қазаққа қамқор болу - Қазақстанның «әкелік» міндеті

2021 жылғы 26 тамыз 15:41
Бөлісіңіз:
Нұрхан Жалиев: Шеттегі қазаққа қамқор болу - Қазақстанның «әкелік» міндеті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақпараттық талдау департаментінің директоры Нұрхан Жалиев Ауғанстандағы этникалық қазақтарды елге әкелу мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Депутат шетелдегі қандастарға ана тілін оқыту мәселесі туралы айтты

«Ауғанстан қазақтарын көшіруге байланысты ел ішінде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бірі жақтаса, бірі қарсы болуда. Жақтаушыларға салсаңыз, ондағы қазақтың бәрін бүгіннен қалдырмай дереу көшіріп әкелу керек. Қарсы тараптың ойынша, Ауғанстандағы қазақтар кезінде туған жерін тастап, тарихи отанын сатып кеткендер. Сондықтан оларды елімізге мүлдем жолатпау керек екен. Әрине, Мемлекет басшысы өзі тапсырма беріп, қолдау көрсетіп отырғанда қиын жағдайдаға қалған қандастарға қолдау көрсету өте орынды», - дейді «Отандастар Қорының» өкілі.

Оның пайымынша, негізінен Ауғанстанның солтүстіктегі провинцияларында шашырай қоныстанған этникалық қазақтардың бәрін Кабулдағы Қазақстан елшілігінің маңайына жинаудың өзі үлкен мәселе.

«Олардың Кабулға дейінгі жолдағы қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді? Сондықтан, қазіргі таңда Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының елшілігінде құрылып, Елшінің төрағалығымен жұмыс істеп жатқан арнайы комиссияның жұмысына сәттілік тілейік. Ол оңай жұмыс емес. Уақытты, мұқияттылықты, жауапкершілкті талап етеді. Ұлтын анықтауда бірінші басымдық қазақ тіліне беріледі. Қазақ тілін біліп тұрған адамға сұрақ аздау болары сөзсіз. Сосын, шығу тегін, яғни руы мен жеті атасын, ата-бабаларының тарихын білу жағын да ескергені орынды», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол Ауғанстандағы қазақтардың көбі ол елге коммунистік жүйенің қысымына көнбей, ұлтын, тілін, болмысын сақтап, балаларын аман алып қалу және өздері тірі қалу үшін ауып барғанын еске салады.

«Ауған қазақтарының басым көпшілігі тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға қоныс аударды. 13 мыңнан астам адам келген болатын. Бірақ, бес саусақ бірдей емес қой. Жағдайы болмай, әртүрлі себептермен қалып қойғандар бар. Олар көп емес. Осы орайда ауған қазақтары да тарихи тағдыры ортақ біртұтас қазақ ұлтының ажырамас бөлігі екенін ұмытпауымыз абзал. Әлемнің қай жерінде болса да, әрбір қазақтың тарихи отаны бар. Тарихи отанынан кез келген қандас бауырымыз өзіне пана және қорған таба алады. Ол отбасындағы әкенің міндеті іспеттес, отанның міндеті.

Осындайда елдігімізді, бірлігімізді, мықтылығымызды көрсетпегенде қашан және кімге көрсетеміз?», - деп түйіндеді Нұрхан Жалиев.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059

MURAǴAT