Нұрғиса Дәуешов: Басты құндылық - елдегі тыныштық

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның басты құндылығы - тыныштық пен бейбітшілік. Осындай ойымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа президенттің сайлануы Қазақстанның жаңа кезеңге өткенін білдіреді.

«Экономика, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы - бірінші кезекте Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, оны бағалауымыз керек. Ол кісінің еңбегінің арқасында әлем танитын дәрежеге жеттік. Шетелде жүрген қазақтар елге оралды. Мұның барлығы - елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің арқасы деп түсіну керек. Бүгінгі болып жатқан ахуал болашақ ұрпағымызға үлкен сабақ және үміт», - деп атап өтті Н.Дәуешов.

Мәдениет саласының өкілі жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдайтынын жеткізді.

«Тоқаев ұлықтау салтанатында әлеуметтік жағдайға ерекше мән беретінін айтты. Оның бағдарламасының орындалатынына толық сенеміз. Сонымен қатар, ұрпақ саулығы мен білім көкжиегі үшін тер төгетін мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын жақсарту туралы айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлын толық қолдай отырып, Қазақстан азаматы ретінде өз еліміздің өркендеуі үшін шын ниетіммен жұмыс істеуге дайынмын», - дейді Нұрғиса Дәуешов.

Айта кетсек, елордада жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Қ. Тоқаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.

Соңғы жаңалықтар