Нұралы ханның ұрпақтары жерленген Жаналы қорымы жөнінде не білеміз

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау өңірі де сырын ішіне бүккен құпия қорымдарға толы. Солардың бірі - Махамбет ауданындағы төре-сұлтандардың, соның ішінде Нұралы ханның ұрпақтары жерленген Жаналы қорымы. Бұл қорым жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне енген. ҚазАқпарат тілшісі осы қорым жөнінде тарих тұңғиығынан сыр тартады.

Жаналы қорымы - Атырау облысындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі. Ол Махамбет ауданы, Алға ауылынан солтүстік-батысқа қарай 21 км жерде орналасқан. Қорым Нұралы ханның ұлдарының бірі Жаналы сұлтанның есімімен аталады. Уақыты ХVІІІ-ХІХ ғасырды қамтиды. 

Алғаш рет 2005 жылы бұл қорымға тарих ғылымдарының докторы С.Әжіғалиев бастаған батысқазақстандық кешенді этноархеологиялық экспедициясы зерттеулер жүргізген болатын. Алайда, бұл экспедициялық топ аталмыш қауымда Нұралы ханның ұрпақтары жерленгені туралы ғана жалпылама атап өтеді. 
Кейіннен Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының мамандары қорымда орналасқан құлпытастардағы төте араб жазуларын оқу барысында мұнда жерленген адамдардың басым бөлігі төре-сұлтандардың, яғни, Нұралы ханның ұрпақтары екенін дәлелдеді.

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетовтың пікірінше, аталған қорымның көлемі 100х150 метр болатын қорымның аумағында неолит дәуіріндегі тас құрал жаңқалары мен орта ғасырлық керамика бөліктерінің кездесуіне қарап бұл жер ежелден елді мекен болғандығын болжауға болады. Қорымда жалпы саны 23 құлпытас бар. Олардың бірқатары сынған, кейбіреулерінің жазулары табиғи эрозияға ұшыраған. Алайда жазулар мен ою өрнектердің 70 % пайызы жақсы сақталған. Құлпытастардың барлығының да эпиграфикалық жазулары араб графикасымен қашалған. Биіктіктері 1,30-1,90 метр аралығындағы, құмды-әктасты блоктардан өңделген құлпытастар жазық бедерлі қашау және ойып қашау тәсілдерімен жасалған. Қорымның ортаңғы бөлігінде бірнеше мазарлардың құландысының орны байқалады.

«Жаналы сұлтан - Нұралы ханның қырық ұлының бірі. Ол  шамамен ханның төртінші ұлы, Пірәлі, Мұхаметәлі сұлтандардан соң 1753 жылы Орынборда аманатта ұсталды. 1771 жылы ақпанда Нұралы ханның қалмақтарға қарсы шайқастарына қатысқан бес ұлының - Есім, Арыстан, Абылай сұлтандардың қатарында болды. Кейін оның аты мұрағат қорларында Сырым бабамыз бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезеңінде аталады. Бұл кезеңде Жаналы сұлтан Гурьев қаласынан қашық емес жерлерді жайлап, шекарадағы орыс әкімшілігімен байланыс орнатқан. Ол 1792 жылы Амандық батырдың 600 адамымен Ресейге қарсы көтерілгенін жазады. 1794 жылы ел тыныштығын сақтау мақсатында Жаналы сұлтан Кіші жүздегі орыс тұтқындарын босату барысында көзге түседі», дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар.

Тарихшы Әбілсейіт Қапизұлының айтуынша, 1797 жылы 27 наурызда Есім хан өлтірілген тұста Жаналы сұлтанның өзге сұлтандардан ерекше көзқарасы байқалады. Ол Сырым батырды хан өліміне кінәламай, керісінше «Есімді шекті, шөмекей, ысық, адай руларының қазақтары өлтірді», келесі дерегінде «Сырым елде О.А.Игельстром келісімімен ханды Тілеп Қойбасұлы өлтірді» деген мәліметтерімен Орынборға белгілі болады. Бізге мәлімі одан Сүйінішқали, Қуанышқали, Балқан, Палуан, Бабаәлі, Қадір  сұлтандар тараған. Сүйінішқали сұлтанды атақты қазақ ханы     Арынғазы «менің балдызым» деп жазса, кей мәліметте ол туралы «беріш руының 11 бөлімін басқарған» делінген. Сондай-ақ, оның аты Қарауылқожаның қызы Шынқараға үйленуімен және Арынғазы хан қайтыс болған соң оның жесірі Мәдинаны әмеңгерлікпен   алуымен де тарихта қалады.

«Жаналыұлы Бабаәлі сұлтан да 1815 жылы беріш руын басқарған екен. Оны мұрағаттағы қазақ сұлтандарының Шөке Нұралыұлына Бөкей ханның қайтыс болуына және оның артында қалған өсиетіне байланысты жазған хаты айғақтайды.

Жәңгір сұлтанның жастығын ескеріп, уақытша басқаруды Шығай сұлтанға тапсырудың маңыздылығын алға тартқан сұлтандар арасында Нұралыұлы Жаналы сұлтаның ұрпағынан тек қана Бабаәлі сұлтан ғана көзге түседі. Міне, осы Бабаәліден 1794 жылы «атасы Жаналыдай болсын деген» ырыммен қойылған Жаналы сұлтан туылған. Қорымдағы құлпытастағы «Әлмархум әлмағфур. Кіші жүз Беріш руының сұлтаны Бабалы бин Жаналы опат болды 27 жасында 1236-ыншы жылда (хижра), бұл тасты істетті марқұмның анасы Әнемхан, Ақтан қойды» деген жазулар тікелей Нұралыханұлы Жаналының немересі екенін дәлелдейді. Жаналы Бабаәліұлы біздің жыл санауымызбен 1821 жылы қайтыс болған. Сонымен, бірінші Жаналы - Нұралы ханның баласы, ал, екінші Жаналы - ханның шөбересі. Яғни, қорымның «Жаналы» аталуы тікелей Нұралы хан ұрпақтарына тиесілі екені анық»,-дейді Ә.Мұқтар.

Соңғы жаңалықтар