Нұр-Сұлтанның жаңа көшелеріне өлкедегі көне тарихи атаулар беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп шаһардың жаңа көшелеріне өлкедегі көне тарихи атауларды беру жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордамыздың ономастикасына қатысты жаңа зерттеулер жүргізіп, кітап шығаруды ойлап отырмыз. Яғни, қала көшелеріне атау берген кезде осы елордамыздың байырғы, тарихи аттарын жаңғыртсақ деген ой бар. Бұрындары Ақмоланың кезінде, оған дейін де қолданыста болған әр түрлі тарихи нысандардың, елді мекендердің, жерлердің, қалашықтардың аттары болған. Соның бәрін алдағы уақытта қала көшелеріне ат берген кезде негізге алу үшін осындай зерттеу жұмысын жоспарладық. Өлкетанушы ғалымдармен ақылдасып жатырмыз. Бұған 9 млн теңге сұрап отырмыз», - деді басқарма басшысы қалалық мәслихатта өткен бюджетті нақтылау шарасында.

Сондай-ақ, ол мәслихат депутаттарына «Қара шаңырақ» дейтін жобаны таныстырды.

«Бұл жобаға 15 млн теңге 100 мың теңге қосымша қаражат сұралып отыр. Бұл жоба аясында жыл соңына дейін балабақшалардан бастап мектептерде ата-аналармен кездесулер сериясын өткізсек деп отырмыз. Кем дегенде150 кездесу болады. Сонымен қатар, тілдік ахуалды жақсартуға арналған әлеуметтік роликтер сериясын түсіріп, таратуды сұрап отырмыз. Бұл бағытта 16 млн теңге қаражат қажет. Бұл тілді үйренуге, мемлекеттік тілдің маңызын, елдің тілге деген көзқарасын жақсарту, мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастыру мақсатымен қысқа метражды роликтердің сериясын шығарамыз. 1 минутқа жетпейтін, әр түрлі әлеуметтік ситуацияларды бейнелейтін бұл роликтер Instagram-да, әлеуметтік желіде смартфон арқылы таратылады. Соның көмегімен тілге байланысты әртүрлі оқиғаларды түсіндіру көзделіп отыр», - деді Сәкен Есіркеп.

Еске салайық, бұған дейін Республикалық ономастикалық комиссия елімізде қайта құрылған жаңа облыстардың атауларын мақұлдаған болатын.


Соңғы жаңалықтар