Нұр-Сұлтанның тарихи нысандарына тегін экскурсиялар ұйымдастырылуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына тарихи нысандар бойынша тегін экскурсиялар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әр сәрсенбі сайын өткізілетін экскурсияларға кәсіби гидтер жұмылдырылған.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы аясында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қолға алған жобаның мақсаты – елорда аумағындағы тарихи жерлерді халыққа кеңінен насихаттап, танымал ету.

Қонақтар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген 7 және басқа да тарихи нысандарды тамашалап, олардың тарихымен кеңірек таныса алады. Атап айтқанда «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу мемориалды-мұражай кешені, көпес Василий Кубриннің үйі, «Кубрин және ұлдары» көпестер серіктестігінің сауда үйі, көпес П. С. Силиннің тұрғын үйі, «Жасыл» мешітінің қоршауы, бұрынғы мұсылман мектебі, қалалық басқарма ғимараты, гимназия (ХІХ ғ. аяғы) және тағы да басқа тарихи ғимараттар бар.

«Айта кетейік, экскурсияны арнайы дайындалған өлкетану мамандары жүргізеді. Оған қатысу үшін ұйымдастырушыларға алдын ала хабарласып, өтінім қалдыру керек. Толық ақпаратты 7 701 569 5108, 7 747 251 0701 нөмірлері арқылы жоба ұйымдастырушыларынан білуге болады. Экскурсия әр сәрсенбі сайын сағат 10.00-де басталады. Жиналу орны Отырар көшесі, 1/2 мекен жайы бойынша орналасқан бұрынғы мұсылман мектебінің жанында», - делінген әкімдік хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар