Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігері халыққа үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елордадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Бүкіл әлемде COVID-19 эпидемиологиялық жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдануда, оның ішінде халық арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бар. Ұжымдық иммунитеттің оңтайлы деңгейіне қол жеткізу үшін қала халқының кемінде 60%-ын COVID-19-ға қарсы вакцинамен қамту қажет. Бүгінгі таңда өзін-өзі оқшаулау және басқа да шектеу шараларының балама шешімі – вакциналау болып отыр», - деді Сархат Бейсенова елорда әкімдігінің брифингінде.

Спикердің айтуынша, елорда тұрғындарының 14,3%-ы COVID-19-ға қарсы вакцинаның бір дозасын алған.

«Демек, біз жаппай иммунитетке қол жеткізуге біртабан жақындап, COVID-19-ды жеңудеміз. Біз вакцинаны қала тұрғындарына қолжетімді ету үшін бәрін жасап жатырмыз. Осы орайда, мен баршаңыздан бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді сақтап, жаңа қалыпты жағдайға оралу үшін вакцина алуға шақырамын. Сондай-ақ, тұрғындардан бұқаралық іс-шараларға, акцияларға және ұтыс ойындарына қатыспауларыңызды өтінемін. Мұндай шараларды тек онлайн режимінде ұйымдастыруыңызды сұраймыз, өйткені қала бұрынғысынша қызыл аймақта орналасқан», - дейді С. Бейсенова.

Айта кетейік, мамыр айының басымен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққандағы апталық сырқаттану көрсеткіші 210-нан 110-ға дейін төмендеді. Бір аптада СOVID-19 бойынша 1315 жағдай тіркелді, сырқаттану көрсеткіші алдыңғы аптадан 18%-ға төмен.

9 маусымдағы жағдай бойынша елорда халқының 9,4% немесе 111 683 адам екі компонентті толық алды. Бірінші компонентпен 169 632 адам немесе 14,3% қамтылған.


Соңғы жаңалықтар