Нұр-Сұлтанның бас полицейі сенбідегі заңсыз шеруде ұсталғандар жайында айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов 21 қыркүйек күні елорданың Республика даңғылында ұйымдастырылған заңсыз шеруге қатысқандар жайында мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйым 21 қыркүйекте заңсыз акциялар ұйымдастыруға шақырды. Прокуратураның бірнеше рет ескертуіне қарамастан жекелеген адамдар арандатушылыққа еріп, басқа азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіре отырып, құқыққа қарсы әрекеттер жасай бастады. Осыған байланысты ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, рұқсат етілмеген шеруге қатысып, қоғамдық көліктердің қозғалысына кедергі келтіріп, полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, қарсылық көрсеткендер поилция бөлімшелеріне жеткізілді. Тәртіп бұзушыларды ұстау барысында барынша дұрыс жүргізілді, арнайы құралдар қолданылған жоқ.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлығы 50-ге жуық тәртіп бұзушы жеткізілді. Оның төртеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған ададар профилактикалық әңгімелесуден кейін үйлеріне жіберілді», - деді Е.Сәденов.

Елорданың бас полицейі әлеуметтік желілерде тараған жас қыздың ұсталғаны туралы видеоға қатысты да түсініктеме берді.

«Ол қыз 2000 жылы туған, жасы 19-да. Бұл қыз бірнеше рет қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты. Заңсыз акция кезінде полиция қызметкерлерінің санкцияланбаған митингке қатысуын тоқтату туралы бірнеше талабына қарамастан ол құқық қорғау органдары қызметкерлерін агрессияға итермелеген. Осыған байланысты ол басқа да құқық бұзушылармен бірге ұсталды. Полиция бөлімшесінде профилактикалық әңгімелесуден кейін үйіне жіберілді», - деді департамент басшысы.



Соңғы жаңалықтар