Нұр-Сұлтанның азық-түлік белдеуі: Ақмола облысында 41 жоба жүзеге асырылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуі шеңберінде Ақмола облысында 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, биыл Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуінің шеңберінде жалпы сомасы 47 миллирад теңге болатын 41 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде мал бордақылау алаңы мен асыл тұқымды репродукторларды салу бойынша 4 жоба, сүт мал шаруашылығы бойынша 8 жоба, етті мал шаруашылығын ашу бойынша 12 жоба, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша 6 жоба, астық қоймасы мен картоп қоймасын салу бойынша 5 жоба, құс шаруашылығын дамыту бойынша 2 жоба, балық өсіру бойынша 2 жоба, суару жүйесін құру бойынша 2 жоба бар.

«Бүгінде жалпы сомасы 3,6 миллион теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен астана базарларына 85,4 мың тонна сүт өнімдері, 17,2 мың тонна ет өнімдері, 184,2 миллион дана жұмыртқа жеткізілді»,- дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына азық-түлік белдеуі шеңберінде қолға алынған жобаларды жоспарланған мерзімінде іске қосуды, сондай-ақ, мал басы мен ет және сүт өндірісінің өсімін қамтамасыз етуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар