Нұр-Сұлтанның әрбір тұрғын үй алабында iQala кеңсесі ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Естеков қаланың әрбір тұрғын үй массивінде iQala кеңсесі ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мемлекеттік қызметтің 164 түрін көрсетеді. Оның ішінде 12 мемлекеттік қызмет қағаз нұсқада көрсетіледі. Біздің басқарма «ns.gov.kz» порталын әзірлеген болатын. Осы 12 қызмет түрін осы портал арқылы электронды түрде алуға болады. Бұл порталды халық пандемия мен локдаундар кезінде белсенді пайдаланды. Сондай-ақ, геопортал базасында сәулет және жер қатынастары саласындағы 16 қызмет автоматтандырылды. Бұл база eGov-пен интеграцияланды. Яғни, eGov-тан жіберген өтінімдері автоматты түрде біздің порталға түседі. Қазір ақпараттық қауіпсіздігін сынақтан өткізіп жатырмыз. Сынақ біткен соң жүйе іске қосылады», - деді деді әкімдік өкілі қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында.

Сондай-ақ, ол «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін iQala орталығының аясын кеңейту қажеттігін атады.

«iQala орталығының іске қосылғаннан бері 270 мың қызмет көрсетілді. Оның 49 мыңы биыл көрсетілді. Биыл осы iQala орталығының ауқымын кеңейтіп, Сарыарқа, Есіл аудандарында қосымша кеңселерін ашпақшымыз.

Бұл орталықтан қызметтің бәрін электронды түрде алуға болатынына қарамастан, адамдардың көбі офлайн келіп жүр. Биыл көрсетілген 49 мың қызметтің тек 13 мыңы ғана онлайн форматта көрсетілген. Қалған 36 мыңы офлайн форматта көрсетілген. Қазір қаланың әр ауданында тым болмаса бір орталық ашу керек деп есептейміз. Кейін әрбір тұрғын үй массивінде iQala кеңсесін ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Аманжол Естеков.

«Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Мәди Садановтың айтуынша, қаланың халыққа қызмет көрсету орталықтарында ЖСН-ге өтініш беруші шетелдіктер көбейген.



Соңғы жаңалықтар