Нұр-Сұлтаннан ұрланған көлік Ақмола облысында ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының полицейлері елордалық әріптестеріне ұрланған көлікті ұстауға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, шілденің 14-де Целиноград ауданының ПБ кезекшілік бөліміне Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығынан «Лада приора» көлігі ұрланғаны туралы шұғыл хабар түскен.

«Астаналық әріптестеріміздің ақпаратынша, күдікті айдап әкеткен көлік «Екатеринбург – Алматы» тас жолының бойындағы «Рубеж» бақылау бекеті арқылы Астрахан бағытына қарай жүріп өткен. Кезекші-инспектор барлық мәліметтерді бірден елорданың іргесінде жүрген жол-патрульдық полиция ротасының қызметкерлеріне жолдады», деп мәлім етті ведомстводан.

Арада 5-7 минут өткен кезде республикалық автожолдың 1224 шақырымында полиция капитандары Бейсенбай Хамитжанов пен Әділбек Боранбаевтың автопатрулі аталмыш көлікті байқап, ізіне түскен. Алайда, көлік жүргізуші тоқтау туралы белгіге құлақ аспай, жылдамдықты одан сайын үдеткен.

«Ұзақ уақыт қуғыннан кейін күдікті ұсталды. Ол ұрланған көлікпен қатты жылдамдықта жүргендіктен жол қозғалысының өзге қатысушыларының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді», - деп толықтырды ведомстводан.

Ақмолалық полицейлер ұсталған күдікті мен көлікті бірден елордалық әріптестеріне тапсырды.

Соңғы жаңалықтар