Нұр-Сұлтаннан әлемнің қай қалаларына ұшып баруға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласынан әлемнің қанша қаласына ұшып баруға болады? Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ашық аспан» режимін дамыту үшін не істеліп жатыр? Бұл сұрақтарға Азаматтық авиация комитеті жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасының көлік қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2017 жылы астанада «ашық аспан» режимі енгізілген болатын. Айта кетейік, «ашық аспан» режимі шетелдік әуе компанияларының елордаға жиі ұшуына мүмкіндік береді.

«Осы режимнің арқасында қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары соңғы 3 жылда 19 жаңа бағытты ашты (Нұр-Сұлтан – Токио, Будапешт, Варшава, Хельсинки, Бейжің, Қазан, Вильнюс, Түмен, Челябі, Краснодар, Томск, Сочи, Баку, Душанбе, Ұлан-Батыр, Прага, Ереван, Дели, Шарм-эль-Шейх). Бұрыннан келе жатқан Лондон, Мәскеу, Бейжің және Ыстанбұлға апаратын рейстердің жиілігі арта түсті», - делінген Азаматтық авиация комитетінің мәліметінде.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтаннан әлемнің 34 қаласына тікелей ұшып баруға болады.

Жалпы, комитеттің мәліметінше, таяу жылдары Доха (Qatar Airways, 2020 ж.), Шанхай (China Eastern, 2021 ж.), Дубаи (Emirates, 2021 ж.), Тель-Авив (SCAT, 2020 ж.), Сингапур (2020 ж.), Нью-Йорк (2023 ж.) секілді қалаларға жаңа рейстер ашылады. Сондай-ақ, Варшаваға (LOT Polish Airlines, 2020 ж.) апаратын ұшақтар жиірек ұшатын болады.

Еске сала кетейік, 8 қазан күні Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадан тікелей халықаралық әуе рейстерінің санын арттыруды тапсырған болатын.

«Халықаралық әуе қатынастары санын арттыру - маңызды мәселе. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтаннан халықаралық бағытта 30-дан аз тікелей рейс орындалады. Бұл – жеткіліксіз», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар