Нұр-Сұлтандағы сайлау науқаны өте ашық басталды - Екатерина Голоулина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ТМД Парламентаралық ассамблеясының демократияның дамуын мониторингтеу халықаралық институты директорының орынбасары Екатерина Голоулина Қазақстан астанасында сайлау науқанының ашық өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері ТМД Парламентаралық ассамблеясының атынан келген халықаралық байқаушылармен кездесті.

Шарада ТМД байқаушыларына сайлау науқанының барлық кезеңдері туралы толыққанды ақпарат берілді. Кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген халықаралық бақылаушылар алғашқы әсерлерімен бөлісті.

«Нұр-Сұлтанда екінші күн жүрміз. Әзірге мұнда болып жатқан шаралардың барлығы ашық өтіп жатыр деп айтуға негіз бар. БАҚ таратқан жаңалықтарды көз жазбай бақылап отырмыз. Соған қарап сайлау науқаны өте ашық, жарқын басталды деп айтуға болады», - деді Екатерина Голоулина.

Халықаралық байқаушының айтуынша, бұл сайлауға ТМД Парламентаралық ассамблеясы екі кезеңде мониторинг жүргізбек. Қысқа мерзімді мониторинг Қазақстанның 6 өңірін қамтыса, ұзақ мерзімді бақылау 9 облыста жүргізіледі.

«Бұл жолғы президент сайлауының бірегейлігін атап өту керек. Кандидат ұсынушы ұйымдардың сан қырлы екенін көрдік. Оның үстіне бірінші рет әйел үміткер бағын сынамақшы. Сондықтан, елдің әр өңірін қамтығымыз келеді. Қазақстан аумағында біздің бақылаушы топтан басқа Парламентаралық ассамблеяның тағы бір сарапшылық тобы Алматы мен Шымкентте жүр. Жалпы ТМД атынан 8 елдің байқаушылары келіп, ел аумағының 50 пайызын қамтуы тиіс» - дейді Екатерина Голоулина.

Фото: www.election.gov.kz

Соңғы жаңалықтар