Нұр-Сұлтандағы ақауы бар үйді жөндеуге әкімдіктен 23 млн теңге бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада балконы «қисайған» үйге әкімдіктің төтенше резервінен 23 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы елордалық қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов айтып берді.

«Әкімдіктің төтенше резервінен бұл үйдің жобалық-техникалық құжаттамасын әзірлеуге 23 млн теңге бөлінді. Оның алғашқы кезеңі – техникалық тексеру жұмыстары аяқталып қалды. Әрі қарай мемлекеттік сараптамадан өту үшін жобалық-сметалық құжаттама рәсімделеді. Бұл құжаттарсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Шамамен 1,5-2 айда жобалық-сметалық құжаттама дайын болады және тағы бір айда мемлекеттік сараптама жүргізіледі», - деді Д. Досқұлов қалалық әкімдікте берген сұхбатында.

Оның айтуынша, балконы қисайған пәтердің және тұтас үйдің жөндеу жұмыстары әкімдік резерві есебінен жүргізіледі.

«Мұның барлығы резерв аясында шешіледі. Егер пәтер иесі өз есебінен жөндеу жүргізгісі келсе, оған рұқсат беріледі. Ал жалпы, бұл – тұрғындарды заңсыз орналастырған үй салушылардың кінәсі», - деді әкімдік өкілі.

Еске сала кетсек, «Орбита» тұрғын үй кешені пәтерлердің бірінде балкон орнынан «жылжып» кетіп, еден дірілдеген. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, олар проблемалы тұрғын үй туралы біледі. Қазіргі уақытта ол жақта техникалық тексеру жүргізіліп жатыр, одан кейін үйдің апаттық деңгейі анықталады.

Әкімдіктің хабарлауынша, үй пайдалануға берілмесе де, үй салушылар 6 жыл бұрын тұрғындарды заңсыз орналастырған. Ондағы ең қауіпті нәрсе – үйдің қасбеті және тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті жоқ.

Соңғы жаңалықтар