Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем шақырушылар саны 2 есе артты – басқарма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жедел жәрдем қызметіне жүгінушілердің саны артып отыр. Күніне пациенттерден 2500 шақырту түсіп жатыр. Бұл деректі Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова растап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы эпидемологиялық жағдайдың нашарлай түсуіне себеп - жаңа жылдағы қыдырыс пен карантин талаптарының сақталмауы. Осыған орай қазіргі уақытта жедел жәрдем мен мобильді бригадалардың жұмысы қауырт болып жатыр. Нақты айтсақ, қалада жедел жәрдем қызметін шақырту 2 есе артты. Яғни, күніне 2500 шақырту түседі. Ал мобильді бригада тәулігіне 1000-1200 шақырту алып, үй аралап жүр. Бүгінде елордада 5 мыңнан астам пациент амбулаториялық ем алып жатыр», - деді Әлия Рүстемова қала әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары астаналықтарды карантин талаптарын сақтауға және індетке қарсы вакцина алуға шақырды.

«Коронавируспен күресте вакцинаның тиімді екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Індетті еңсерудің жалғыз ғана жолы бар. Ол - сақтану және екпе алу», - дейді ол.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус індетінің күрт өсуіне байланысты бірнеше сала қызметі жабылып, көпшіліктің жиналуына тыйым салынғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар