Нұр-Сұлтанда үш күнде карантин тәртібі 52 рет бұзылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы арнайы мобильдік топтар үш күнде 52 карантин ережесін бұзу фактісін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицейлер, эпидемиологтар, волонтерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған мобильдік топтар карантин тәртібінің сақталуын бақылап жүр.

Кейінгі үш күнде Нұр-Сұлтан қаласында 52 тәртіп бұзу оқиғасы тіркелді. Олардың 16-ы маска тағу мен әлеуметтік қашықтықты сақтамау сынды міндетті ереже болса, 36-сы тыйым салынған уақытта да жұмысын жалғастырған кәсіпкерлерге қатысты.

Материалдар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.

Сәтпаев көшесінде түнгі уақытта жасырын жұмыс істеп жатқан лоундж-бар анықталды. Ойын-сауық мекемесі бас санитария дәрігерінің қаулысына қарамастан, қызметін жалғастырған. Мекеменің есіктері жабық болғанымен, ішке тек сенімді клиенттерді ғана кіргізіп, іштен жауып алып отырған. Тексеріс кезінде мекемеде карантин тәртібі мен санитария талаптарын бұзған 64 адам болды.

Сонымен қатар, мобильдік топ Балқантау көшесінде түнде келушілерді қабылдаған саунаны анықтады. Саунада 11 адам жиналып, карантин ережесін бұзған.

Барлық тәртіп бұзушыға қатысты материалдар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді. Олар ҚР ӘҚБК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылады.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық орындардағы ережеге жауапкершілікпен қарап, санитария талаптарын орындауға шақырады. Коронавирус таралып кетпес үшін полицейлер азаматтарға карантин тәртібін сақтау мен жеке қорғаныс құралдарын тағудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар