Нұр-Сұлтанда үш айда көлік апатынан 49 жаяу жүргінші жарақат алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Диас Тоқатов жыл басынан бері көлік апатынан 49 жаяу жүргінші жарақат алғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың 3 айы ішінде қала жолдарында 113 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 121 адам жарақат алды. Бұлардың үшеуі қайтыс болды», - деді департаменттің басқарма бастығы баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, былтыр бұл кезеңде жол-көлік оқиғасынан 4 адам көз жұмған.

«Анықтау басқармасы жыл басынан бері жол-көлік оқиғасы салдарынан денеге ауыр жарақат келтіру дерегімен 22 қылмыстық істі тіркеді. Оның ішінде 19 іс денеге ауыр жарақат салу санатына жатады, 3-еуі кісі өлімі санатына тіркелді. Осы істер аясында 16 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді ДиясТоқатов.

Басқарма мамандары аталған жол-көлік оқиғаларының себептеріне талдау жүргізген.

«Көлік жүргізушілерінің жіберген қателіктері салдарынан 93 жол-көлік оқиғасы орын алған. Олардың дені жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін нашар білуінен туындаған. Атап айтқанда, маневр жасау кезінде 17 факт және жол қиылыстарынан өту кезінде 24 факт тіркелген. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер де жол-көлік оқиғаларына себепші болуда. Олардың жол қозғалысы ережесін сақтамауы салдарынан 20 оқиға орын алған», - деді басқарма бастығы.

Оның мәліметінше, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 49 жол-көлік оқиғасы болды.

«Оның ішінде 2 адам қайтыс болды. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен 14 жол-көлік оқиғасы болып, 1 бала көз жұмды. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың кінәсінен 6 жол-көлік оқиғасы орын алды.

Көлік апатының ең көп тараған түрі – бетпе-бет соқтығысу. Осындай 19 оқиғаның салдарынан 21 адам жарақат алды. Жанап соқтығысу – 13, жолай соқтығысу -19. Жаяу жүргіншіні басып кету де ең көп тараған апат түріне жатады. Осындай оқиғалардан 49 адам жарақат алып, 2 адам қайтыс болды», - деді ол.

Еске салсақ, елордалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Чупеков жыл басынан бері 486 адам көлік жүргізу құқығынан айырылғанын мәлім еткен болатын.


Соңғы жаңалықтар