Нұр-Сұлтанда шіркеу тоналды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Серафим ғимабадатханасының бұрынғы күзетшісі сыбайласымен бірге қайырымдылық жәшіктерін ұрлап кетті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция өкілдерінің айтуынша, ұрылар нысанға түн ортасында терезені сындырып кірген.

«Ұрлық түн ортасында жасалған. Күдіктілер жертөле терезесін шағып, шіркеуге кірген. Содан кейін арнайы бөлменің есігін сындырып, қайырымдылық жинауға арналған 6 қораптан 170 мың теңгені ұрлап кеткен. Оқиға туралы мәліметті полицияға Серафим ғибадатханасының діни қызметкері таңертең хабарлады. Полиция қызметкерлері тәулік ішінде 27 жастағы екі жігітті ұстады. Олардың біреуі бұрын шіркеуде күзетші болып жұмыс істеген. Күдіктілер қылмыс жасағандарын мойындады. Қазір «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.

Күдіктілер ұрланған ақшаны жұмсап үлгергендерін айтқан. Полицияның мәліметіне сенсек, бұл жұп бұрын да қылмыс жасаған.

«2019 жылы күдіктілер ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті құнды дүниелерді ұрлатып алмау үшін нысандарға бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнату қажеттігін ескертеді», - деп жазылған департаменттің дерегінде.


Соңғы жаңалықтар