Нұр-Сұлтанда шетелдік нөмір таққан көлік 437 рет ереже бұзған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық полиция департаменті жол ережесін көзге ілмейтін жүргізушілердің рейтингін жасады. Ең көп ереже бұзғандар тізімін шетелдік есепте тұрған көлік құралдарының иелері көш бастап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда тіркелмеген көлік жүргізушілері жауапқа тартылмайтынын сезіп, жүйелі түрде ереже бұзып келген», - деп атап өтті полиция департаментінде.

Белгілі болғандай, 2019 жылдың қазанынан бастап әкімшілік полиция сақтандыру компанияларының базасына кіруге рұқсат алды. Бұған дейін шетелдік нөмірі бар көлік иелері 817 млн теңге көлемінде ереже бұзған. Алайда, айыппұлдың 93 %-ы төленген жоқ. Жүргізушілер «тіс батпайтынын» пайдаланып, жолдағы басқа көліктерге кедергі келтірген және апаттық жағдайлар туғызған.

2019 жылы ереже бұзған жүргізушілер рейтингі:

Анти-рейтингте бірінші орында Армения Республикасында есепте тұрған «BMW» маркалы көлік иесі тұр. Бұл көліктің иесі – 1989 жылғы Қазақстан азаматы, ол өткен жылы 437 рет ереже бұзған.

«Toyota Camry» көлігі 369 рет әкімшілік құқық бұзған. Бұл көлік те көрші елде есепте тұр, оның иесі - 1969 жылғы ер адам. Ол «құрметті» екінші орынға ие.

Үшінші және төртінші орынды екі көліктің иесі - 1987 жылғы азамат алған. Оның көліктері де Арменияда есепте тұр. «Toyota IPSUM» маркалы көлікпен 72 рет әкімшілік құқық бұзса, «Nissan Tida» - 69, жалпы 141 рет ереже бұзған.

Бесінші орында – 29 жастағы астана тұрғыны. Ол «Porsche Cayenne» маркалы көлігімен 74 рет жол ережесін бұзған. Көлік шетелде тіркелген.

Соңғы жаңалықтар