Нұр-Сұлтанда пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН ҚазАқпарат - Елордада 12-20 шілде аралығында пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтеді. Оған әлемнің 76 мемлекетінен 493 спортшы қатыспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мұндай спорт сайысы елімізде тұңғыш рет өтіп жатқанын айтады.

«Бұл чемпионат Токиодағы 2020 жылы өтетін паралимиада ойындарына жолдама тарататын ақтық сайыс болмақ. Мұндай біріншілік елімізде алғаш рет өтіп отыр. Оған әлемнің 76 елінен үміткерлер қатысады. Біздің елде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына барынша жағдай жасалып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тұңғыш Параалимпиадалық жаттығу орталығы ашылған болатын. Жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түрлерінен спорттық резервтегі ұлттық құраманың мүшелері сындарлы сайыстарға осы орталықта дайындалып жүр. Жалпы елімізде пара пауэрлифтингпен 600-ден астам адам айналысады», - деді министр чемпионаттың ашылу салтанатына орай өткен баспасөз-конференциясында.

Осымен сегізінші рет өтіп жатқан әлем чемпионатына пара пауэрлифтингте жұлдызы жанған әйгілі спортшылардың барлығы дерлік келіпті. Солардың арасында үш дүркін паралимиада чемпионы, Мысыр елінің спортшысы Осман Шериф те бар.

«Алғаш спортқа бет бұрғанда барлық туыстарым мен жақындарым қарсы болған. «Текке әуре боласың, одан келер пайда жоқ да болған» деп кеңес бергенде де болған. Мен олай емес екенін ісіммен дәлелдеп жүрмін. Егер ойланып қарасақ, жер бетіндегі барлық адамның мүмкіндігі шектеулі деп ойлаймын. Немесе барлығның мүмкіндігі бірдей деу керек шығар. Мүмкіндігіміз шектеусіз болса, әлем мұндай болмас еді. Барлық қалауымыз орындалар еді ғой. Менің бала күнімде дәрігер болсам деген арманым болған. Бірақ оқуға мойным жар бермеді. Сондықтан спортты таңдадым. Жаттығудан қалмай, бар жігерімді жұмсап едім, нәтиже бере бастады. Спорттың арқасында әлемді аралап, табыс табамын. Үш бірдей паралимпиадалық ойындарға қатыстым. Сондықтан алдыңа анық мақсат қоя білу керек. Сонда шектеулі мүмкіндігіңнің аясы кеңейе түседі», - деді ол.

Қазақстандық спортшылар атынан Бразилиядағы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева сөз алып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Бұл спорт маған өмірдегі қиындықтардың барлығын жеңуге көмектесті. Пара пауэрлифтинг менің өмірімнің мәніне айналды. Біз сияқты спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан мемлекетімізге алғыс айтқым келеді», - деді қазақстандық спортшы.

Ұлттық паралимпиада комитетінің төрағасы Қайрат Боранбаев жарысты ұйымдастырып, өткізуге еріктілердің белсенді атсалысып жатқанын ерекше атады.

«Чемпионат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен өтіп жатыр. Дегенмен, еріктілердің белсенді көмектесіп жатқанын айтуымыз керек. Кәсіпкерлік нысандары да, қызмет көрсету орындары да шараның сипатын білгеннен кейін көмек қолын соза білді. Бүгінгі шараны өткізуге ғимарат ұсынып отырған «ЭКСПО» орталығына да алғысымыз шексіз», - деді комитет төрағасы.

фото: vksport.kz

Соңғы жаңалықтар