Нұр-Сұлтанда неміс саяхатшысы Альфред Брем мұрасына арналған көрме ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық музейінде «Ұлы далаға қош келдіңіздер!» - Альфред Бреммен бірге Қазақстанда 1876/2021» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл көрме – Германияның «Брем әлемі – жануарлар мен адамдар» музейінің, ҚР Ұлттық музейі мен Германияның Нұр-Сұлтан қаласындағы елшілігінің бірлескен жобасы.

«Қазір Қазақстан мен Германия арасында мәдени-гуманитарлық және басқа да салалар бойынша тығыз ынтымақтастық қатынастар тұрақты дамып келеді. Мысалы екі ел арасында бірнеше мәдени шаралар өтті. Олардың ішінде концерттік бағдарламалар, конференциялар, көрмелер, семинарлар және басқалары бар. Бүгінгі көрме де – соның жарқын көрінісі. Көрменің бастауы сонау 1876 жылы танымал неміс ғалымдары – зоолог-саяхатшы Альфред Брем мен этнолог Отто Финштің зерттеу сапарынан бастау алады. Ғалымдар тобы Санкт-Петербургтен Мәскеуге жол тартады, одан әрі қазіргі Ресейдің Орал экономикалық ауданынан Батыс Сібір, оңтүстік аймақтарына барған. Олар даланың жануарлары мен өсімдіктерін, ерекшеліктерін зерттеп, танымал ғылыми әдебиеттер жазған. Сапар барысында Семей өңірінің лауазымды тұлғалары ғалымдарды «Ұлы далаға қош келдіңіздер» деп құшақ жая қарсы алды. Біз де бүгінгі шара қонақтары мен көрермендеріне «Ұлы далаға қош келдіңіздер» деп айтамыз», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы көрменің ашылуында.


Батыс Сібірге сапар – А.Брем өміріндегі маңызды кезең. Ол саяхатшыны тек жануарлар әлемі ғана емес, сонымен қоса қоршаған орта мен жергілікті тұрғындардың өмір салты да қызықтырғанын көрсетеді.

«Оның саяхаты 145 жыл бұрын өтті және әлі де адамдардың жадында сақтаулы. Бұл сапарда А. Брем Батыс Сібірге барды, қазіргі Шығыс Қазақстан аумағы мен Қытай шекарасына дейін жетті. Бұл саяхаттың маңызы зор, өйткені ол жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оны ресейлік сібірліктер төлеген. А. Брем Қазақстаннан шикізатты солтүстікке қалай жеткізетінін, содан кейін Германияға қалай жіберетінін білуі керек болған», - деді «Брем әлемі – жануарлар мен адамдар» музейінің директоры Йохан Зюсс.


Көрмеге келушілер А.Бремнің күнделігі негізінде саяхат барысын аудиогид арқылы бақылай алады. Аталған көрмеде А.Брем мұрасынан алынған экспонаттар, сондай-ақ, Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына жасалған үш апталық саяхаттың қорытындысы бойынша фотограф Фолькер Крейдлер мен мәдениет саласындағы журналист Ина Хильдебрандтың жұмыстары қойылады.

Ф.Крейдлердің фотосуреттері арқылы көрме XIX ғасыр кезеңін бүгінгі күнімізбен байланыстырып, сол кездегі саяхатшы А.Бремнің көзқарасы қазіргі заманның көркем-деректі суреттерімен бейнеленеді.

Музей мамандары көрмеге дайындалып жатқанда Бремнің күнделіктерін оқыған. Табиғатты зерттеумен қатар, ол өзінің күнделіктерінде адамдардың өмірі мен мәдениетін сипаттаған.

«А. Брем үшін Шығыс Қазақстан бойынша сапары өте нәтижелі болды. Ол құнды ботаникалық және зоологиялық бақылаулар жүргізе алды. А. Бремнің саяхаты туралы көптеген қызықты экспонаттар бар. Батыс Сібірге жасаған сапарында А. Брем мен оның серіктері де қазақтардың ерекше қонақжайлылығына, ең алдымен Қазақстанның әсерлі ландшафттарына тамсанған. Маршрут Павлодардан Семей, Өскемен арқылы Алматы облысына және Алтайға жалғасқан. А. Брем жазықтар мен далаларға, биік тауларға, яғни қазақстандық ландшафттың алуан түрлілігіне тәнті болды. Бұл көрме Қазақстанның биоалуантүрлілігін тағы да көрсетеді», - дейді Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі д-р Тило Клиннер.


Өзінің әйеліне жазған хаттарының бірінде Альфред Брем Алакөл және Алтай сапарларын сипаттаған.

«Киіз үй – ең әдемі шатыр және натуралист үшін ең қолайлы баспана. Ол басқа шатырларға қарағанда қыстың суығынан жақсы қорғайды, оның ішінде көп орын болмайды, бірақ барлық заттар мен ұсақ-түйектерді іліп қоюға жүз есе көп мүмкіндік бар. Ал Алтай аумағы тіпті керемет. Алқапта көптеген гүлдермен көмкерілген шалғындар көп. Мұндағыдай әсем тау еш жерде жоқ», - дейді натуралист.

Көрме ҚР Ұлттық музейінде қыркүйек айының ортасына дейін өтеді. Содан кейін Қазақстан өңірлеріне жеткізіледі.


Соңғы жаңалықтар