Нұр-Сұлтанда масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар жалғасуда. «Астаналық дезинфекция» компаниясы тазарту жұмыстарының қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«15 сәуірден бастап таяз су айдындарын өңдеуге кірістік. 21 сәуір мен 14 мамыр аралығында алғашқы өңдеу кезеңін жүргіздік. Мұнда тұтас қала аумағы қамтылды. Әрине, нөсер жауын мен жел жұмысты тиімді жүргізуге кедергі келтірді. Жұмыстың екінші кезеңін 16 мамырда бастадық», - деді «Астаналық дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары Бекболат Талғарбеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Қазіргі уақытта қаланың төрт ауданында кішігірім су айдындарында және қараусыз қалған жертөлелерде дезинсекциялық жұмыстар жалғасуда. Алайда қолайсыз ауа райынан жұмыс кестесі үзіліп жатыр.

«Өңдеудің екінші кезеңі басталды. Ауа райынан байланысты жұмысты өз уақытында бастай алмадық, себебі препарат шайылып кетуі мүмкін. Ал күштірек препаратты тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолдана алмаймыз. Дәрілеу жұмыстары орталық астаналық саябақтан басталады», - деді ол.

Қала аумағында «Астаналық дезинфекция» компаниясының 150 дезинфекторы жұмыс істеп жатыр. 8 биолог әр ауданды бақылауда ұстайды. Одан бөлек, 10 арнайы көлік препарат пен су тасуға көмектеседі, 2 дезинфекциялық машина мен 20 теромгенератор бар.

Сонымен бірге, Б. Талғарбеков дезинсекциялық жұмыстардың қай уақытта жүргізілетінін айтты.

«Су айдындарын таңғы сағат 5-тен бастап ауа райы 25 градусқа дейін қызғанша өңдеуге тырысамыз. 25 градустан кейін барлық жұмыс тоқтайды, себебі препараттар 25 градустан жоғары температурада буға айналып, күшін жояды. Қала ішінде кешкі уақытта жұмыс істеуге тырысамыз. Саябақтар ашылған соң адам санына қарай 21:00-23:00 аралығында жұмыс істейміз», - деді Бекболат Талғарбеков.


Соңғы жаңалықтар