Нұр-Сұлтанда мас жүргізуші полицейлерден екі рет қашып кетуге әрекеттенді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада сағат 09:00 шамасында Ұлы Дала көшесіндегі патрульдік полиция қызметкерлері «Лада» автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне шығып, жаяу жүргіншіге жол бермегенін байқап қалған.

Автопатруль экипажының тоқта деген талабын елемей, жол тәртібін бұзушы жылдамдыққа басып, жасырынуға тырысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірнеше көшеден өткесін, ол тұрғын үй кешенінің ауласында көлігін қалдырған да, қаша жөнелген. Полицейлер қашқын қоршаудан қарғымақ болған кезде қуып жеткен. Алайда ол қоршауда отырған күйі полицейлерді өзінің айтқанына көндірмек болған. Дегенмен қуғын мұнымен аяқталған жоқ. Жүргізушіні төмен түсіріп, көлікке апара жатқан кезде ол полицейлерден босап шығып, қаша жөнелген. Жаяу қуу кезінде полиция қызметкерлері мас жүргізушіні тез ұстады.

Мас болған жүргізушіге медициналық тексеруден өту ұсынылды, бірақ ол бас тартты.

Осылайша, жүргізуші ҚР ӘҚБК 613-бабының 4-бөлігін бұзған, яғни полиция қызметкерінің мас күйін куәландыруды өту туралы заңды талабын орындамаған.

Әкімшілік сот шешімімен 27 жастағы жүргізуші 15 тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамалды және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.


Соңғы жаңалықтар