Нұр-Сұлтанда қылмыс деңгейі 37% төмендеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі 40,2% төмендеді. Бұл туралы Аntikor.live жобасында Нұр-Сұлтан полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр. Акция 25 қарашада басталған. Бүгін осы акцияны қорытындылаймыз. Осы Антикор орталығымен бірлесе жұмыс істеудегі мақсат – халықты ақпараттандыру, яңни сіздердің платформа арқылы атқарылып жатқан жұмыс туралы ақпарат беру. Осы жылдың 11 айы бойынша ақпарат беріп өтсек, әйелдердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында және бұл мәселе осы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында да көрініс тапқан болатын. Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің өсуі байқалады. Оған себеп – биыл пандемияға байланысты адамдарды оқшаулауға мәжбүрлеу жағдайы. Пандемия кезінде бір бөлмелі пәтерде бірнеше отбасы мүшесі бірге тұрған жағдайлар болды. Себепсіз дүкенге, далаға шықпау туралы талаптар, көп адамның жұмыссыз қалуы балаға да, ересектерге де кері әсерін тигізді. Осы себепті тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері артты», - дейді Нұр-Сұлтан полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова.

Оның айтуынша, 11 айдың қорытындысы бойынша қылмыстың тіркелуі 37,1% төмендеді.

«Қазіргі таңда бізде қылмысты ашу жақсы жолға қойылған. Қазір цифрлық технология заманы, сондықтан қылмысты ашу бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда оңай. Қылмыстың алдын алу шаралары бойынша жұмыстар да күшейтілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері 24/7 режимінде жұмыс істейді. Жалпы тұрмыстық салада жасалатын құқық бұзушылық, қылмыстың көбі алкоголь ішімдіктің кесірінен орын алады. Елордада 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі 40,2% төмендеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар