Нұр-Сұлтанда күрестен әлем чемпионатының ресми ашылуы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада грек-рим, еркін, әйелдер күресі мен греплингтен әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына жолдама беретін турнирлің ресми ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

«Еліміздің астанасына, Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіздер! Бұл чемпионатқа 105 мемлекеттен мыңнан астам спортшы қатысуда. Өздеріңіз білетіндей, бұл әлем чемпионаты Токиода 2020 жылы өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған алғашқы біліктілік турнирі болып табылады. Біз бұл чемпионатты Нұр-Сұлтан қаласында өткізгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл оқиға біздің тарихымыздағы ең үздік спорттық шаралардың бірі ретінде есте қалады», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

14 қыркүйекте басталған әлем чемпионаты 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл біріншілікте өз салмағы бойынша үздік шыққан 6 спортшы Токио Олимпиадасына жолдама алады.

Бұған дейін хабарланғандай, чемпионатқа 1002 атлет қатысады. Олар 105 елдің намысын қорғайтын болады. Жарыстан хабар тарату үшін әлемнің әр түкпірінен 250-ден астам журналист келген. Чемипонатқа бес құрлықтан 60-тан астам Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлер келуі жарыс көрігін қыздырып отыр.

Олардың қатарында қонақ ретінде шақырылған ардагерлер де бар. Атап айтқанда, қазақстандықтарға етене таныс болып кеткен Александр Карелин, американдық жас жұлдыз Кайл Снайдер, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Джордан Барроуз, белгілі жапон чемпионы Каори Ите, Артур Алексанян, Лопес Нуньес, Қазақстанның тумасы Валерий Рязанцев, Беларусь спортшысы Камандар Маджидов, Иран спортшысы Расул Хадем бар.

Еске салсақ, бұған дейін елдегі күрес федерацияларының өкілдері бұл чемипонаттан қанша Олимпиада жолдамасын алу жоспарланғанын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар