Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі - қоғамдық көлікпен жүретіндер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындар арасында коронавирус жұқтырғандардың саны артып барады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы уақытқа дейін біз вакцинаны қабылдау әркімнің жеке шешімі деп есептедік. Бұл шынымен де солай. Бірақ сіз үйде отырсаңыз, жұмысқа келмесеңіз, басқа адамдармен қарым-қатынас жасамасаңыз ғана. Статистика қазір індетке шалдыққандардың басым көпшілігі қоғамдық көлікті белсенді пайдаланатындар және адамдар көп жиналатын сауда орталықтары, ойын-сауық және мәдени мекемелер, барлар мен мейрамханалар сынды орындарға баратын кісілер екендігін көрсетіп отыр. Бұл аурудың өсуіне негізгі түрткі -жұмыс жасайтын адамдар тобы. Сондықтан ағзаны сенімді қорғау қажет. Ал бұл әрине – вакцинация», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қорқынышты ауруды тоқтату, адам өлімін болдырмау үшін қысқа мерзімде жаппай вакцинациялау жүргізу қажет.

«Осындай қажетті және жауапты шешімді дұрыс түсініп, қолдауларыңызды сұраймын. Вакцинациямен қатар, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қорғаныс маскаларын кию, қол гигиенасын сақтау және адамдар көп жиналатын жерлерге бармау сияқты алдын-алу іс-шараларын сақтау да өте маңызды. Ең бастысы, бұқаралық және ұжымдық іс-шараларға қатыспау және ұйымдастырмау қажет», - деді Сархат Бейсенова.


Соңғы жаңалықтар