Нұр-Сұлтанда коммуналдық қызметтер тарифі қаншалықты қымбаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Болат Танабергенов биылғы коммуналдық қызмет тарифының қаншалықты артқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта бұл департамент 70 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Оның ішінде «Астана-Теплотранзит», «Астана су арнасы», «Астана-РЭК», «Астанаэнергосбыт» сынды негізгі субъектілер бар.

«2015 жылы негізгі субъектілер үшін жыл сайын өсіп отыратын шекті тарифтер бекітілді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, базалық субъектілер Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары үшін коммуналдық қызмет тарифтерін орта есеппен 10%-ға төмендетті. Алайда барлық базалық субъектілер үшін жыл сайынғы өсім қарастырылған. Табиғи монополиялар субъектілері жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мұндай өсіиге жол бермеу туралы шешім қабылдады», - деді спикер елорда әкімдігінде 2020 жылғы коммуналдық қызметтер тарифтерін бақылау және реттеу туралы баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жылумен қамтамасыз ету тарифі «Астана Энергия» АҚ-ның жылу энергиясы өндірісінен және «Астанаэнергосбыт» пен Теплотранзит»АҚ-на жылу энергиясын беру және тарату қызметтерінен құралады.

«2015 жылы тарифтерді жыл сайын арттырып отыру көзделген еді, оның ішінде 2020 жыл да бар. Жылумен қамту тарифы ҚҚС санамағанда, бір Гкал үшін орта есеппен 3271 теңге болуы тиіс еді. Бірақ, біз оны 2920 теңгеге дейін түсірдік.2019 жылмен салыстырғанда, мұнда 7,8% өсім байқалады. Сонымен бірге, халық үшін біз ең төменгі 5% жүктемені қойдық, басқа тұтынушылар үшін - 10%», - деп түсіндірді ол.

Сумен қамту бойынша тариф биыл 44 теңге 81 тиынның орнына, 40 теңге 79 тиынды құраған. Мұндағы өсім - 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайыз. Суды ағызу бойынша жеке тұлғалар тарифы 1 қаңтардан бастап, 34 теңге 86 тиын болды.

Спикердің айтуынша, өткен жылы электрмен қамту тарифы 10 теңге 33 тиын болса, биыл - 11 теңге 36 тиынға көтерілген. Заңға сәйкес, бұл шекті тарифтер 5 жылдық кезеңге белгіленеді.


Соңғы жаңалықтар