Нұр-Сұлтанда келіншек әлеуметтік желіде танысқан ер адамды тонап кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде танысқан ер адамды тонап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұрлық фактісі бойынша полицияға 59 жастағы ер адам жүгінген. Ол «Друг вокруг» мобильді қосымшасы арқылы 46 жастағы келіншекпен танысқанын хабарлады. Онлайн таныстықтан кейін келіншек онымен кездескісі келген. Әрі қарай таныстық жалдамалы пәтерде жалғасқан. Пәтер ішінде ер адам жуынуға кеткенде, келіншек оның күртешесінің қалтасынан 125 мың теңге көлемінде ақшаны ұрлап, ізін суытқан.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде күдікті әйелді ұстады. Келіншек өз кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел жәбірленушіге ұрланған қаражатты қайтарды.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті азаматтарды абай болуға шақырады, жақын таныс емес адамдарға сенбеуге және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар