Нұр-Сұлтанда қайырымдылық балы өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Бір әлем – бір өмір» (One world – one life) атты халықаралық жастар балы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы жылды қорытындылайтын дәстүрлі қайырымдылық балы биыл халықаралық деңгейге көтерілді. Оған Ресей, Қытай, Нигерия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Индонезия, Венесуэла және өз еліміздің дебютанттары қатысып жатыр.

«Биыл мемлекет тарапынан жастарға үлкен деңгейде көңіл бөлінді. Олардың білім алуына, жұмыс істеуіне, өзін дамытуына арналған жобалар жүзеге асырылуда. Әкімдіктің ұйытқы болуымен Жастар жылының жол картасы бойынша 136 жоба аясында 600-ден астам іс-шаралар өткізілді. Бүгінгі бал Нұр-Сұлтан қаласы жастарының барша санаттарын бір әуен, бір идея аясына жинайтын, жастарымыз асыға күтетін жылдың қорытынды шараларының бірі. Биылғы бал әлемнің 9 мемлекетінің белсенді жастарының қатысуымен халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, айтулы кеште көпшілік назарына бидің бірнеше түрі ұсынылатын болады. Шара аясында бал қатысушылары 1 ай көлемінде қайырымдылық ісімен айналысты.

«Қатысушылардың арасында әртүрлі сала мамандары бар. Яғни дәрігерлер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер, журналисттер мен режиссерлар, өндіріс саласының қызметкерлері және тағы басқалар. Олар бір ай көлемінде түрлі қайырымыдылық жұмыстарымен айналысты. Атап айтқанда қарттар үйі мен балалар үйінде әдемі рухани кеш ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Жүректен жүрекке» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасыға материалдық көмек көрсетті», - деді қалалық қоғамдық даму істері басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков.

Соңғы жаңалықтар