09:29, 05 Қазан 2021 | GMT +6
Нұр-Сұлтанда қар жауды: Бір тәулікте 96 жол-көлік оқиғасы тіркелді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауа райының қолайсыздығына және қар жаууына байланысты жолда қауіпсіз жүру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті автокөлік иелеріне жазғы дөңгелектерін қысқы шиналарға ауыстыруға кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сондай-ақ, жолда өте мұқият және абай болуды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды, көлікті кілт тежеуден аулақ болуды, қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтауды ескертеміз», - делінген елорда ПД баспасөз хабарламасында.
Елордада бір тәулік ішінде 96 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
«Жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ерекше назар аудару қажет. Өз қауіпсіздіктеріңіз үшін құлаққаптарды алып тастауға және жолды кесіп өткен кезде телефонмен сөйлеспеуге кеңес береміз», - делінген департамент хабарламасында.