Нұр-Сұлтанда із-түзсіз кеткен екі жасөспірім Шымкенттен табылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада із-түзсіз кеткен екі жасөспірім Шымкенттен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полицияға 12 жасар ұлы мен 13 жасар жиенін іздеуге көмек сұрап қала тұрғыны хабарласқан. 30 қазан сағат 15.00 шамасында екі бала Аманат көшесіндегі үйден шығып кеткен. Осы уақытқа дейін олардың қайда екені белгісіз. Өздерімен бірге 20 мың теңге көлемінде ақша болған.

Аталған факті бойынша іс қозғалды. Кәмелетке толмаған балалардың қайда екенін анықтау мақсатында іздеу және тексеру шаралары жасалды.

Полицейлер бейнебақылау камераларын қарап шығып, олардың қайда кетуі мүмкін екені пысықтады. Екеуін соңғы рет көрген аумақтағы үйлер, подъездер мен жертөле, шатырлар, аулалар, дүкендер мен кәріз құдықтары қаралды.

Іздеу барысында ата-анадан ақпарат келіп түсті. Олардың айтуынша, балалары Түркістан облысындағы әжесіне кетіп қалуы мүмкін. Себебі 30 қазан күні таңертең немересі әжесіне қоңырау шалып, оны сағынғанын айтқан.

Шанхай ауданында ювеналды полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтаннан Шымкентке баратын жолаушыларды жинайтын әйелді тапты. Ол екі баланың автобусқа отырғанын айтқан. Балалардың Шымкентке аман-есен жетіп, оларды әжесі күтіп алғаны анықталды.

Балаларды ересектерсіз автобусқа отырғызған жүргізушіге қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданады.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті күзгі демалыс кезінде ата-аналарға кәмелеткен толмаған балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Соңғы жаңалықтар