Нұр-Сұлтанда ірі құрылыс дүкендері жұмысын бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 20 сәуірде елордадағы ірі құрылыс дүкендері жұмысын бастады. Нұр-Сұлтан тұрғындары төтенше жағдайдағы карантин режимінде құрылыс-әрлеу материалдары гипермаркеттерінің бірінде тауар алу үшін кезекте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гипермаркеттің жұмыс режимі таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Штаттың 50%-ы қаладан тыс жерде тұратындықтан, 30%-ын ғана жұмысқа шығардық. Қалғандары да жұмысқа шыққысы келеді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың алгоритмі бойынша сатып алушылар үшін екі метр қашықтықты ұстап жүру үшін белгілер қойдық. Есік аузында бақылаушы келген адамдардың қолына санитайзер бүркіп тұрады. Дене қызуын өлшеп тұратын бақылаушы да бар. Дене қызуы көтеріліп тұрған сатып алушы болған жоқ, бірақ медициналық маска тақпай келгендер болды. Біз оларды сауда жасайтын жерге жібермей, алдымен маска тағып келуін өтіндік», - дейді «Мегастрой» гипермаркеті директорының орынбасары Оксана Сухорукова.


Ол құрылыс материалдарына сұраныс көп екенін айтты.

«Бізде аз адам жұмыс істеп жатқандықтан, осыншама тұтынушы келеді деп ойламадық. Бүгін қосымша қызметшілер алдық. Құрылыс материалдарын салатын арба әр қолданыстан кейін дезинфекцияланады. Сауда жасайтын орында сатып алушылар ара қашықтық сақтауы керек екендігі дауыс зорайтқышпен айтылады. Гипермаркетке бес адамнан кіргіземіз, кассаға үнемі қарап отырамыз», - дейді ол.


Сондай-ақ, ол гипермаркет жұмысшылары 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған-алмағаны туралы айтты.

«Персоналдармен жұмыс бөлімінің басшысы Жұмыспен қамту орталығына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алуға өтініш берді. Біздің қызметшілердің 80%-ы аталған жәрдемақыны алды. Кей қызметшілерге әртүрлі себеппен төлем берілмейтіні туралы хабарлама келді, қалғаны әлі де күтуде. Жалпы алғанда қызметшілерді үйіне өзіміз тасымалдаймыз, тамағы бар. Біз дене қызуы немесе ЖРВИ белгілері бар-жоғын тексеретін медициналық қызметшіні жұмысқа алдық», - дейді директордың орынбасары.

Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімі ережелерді сақтауға шақырып, карантин кезіндегі құрылыс дүкендерінің жұмыс алгоритмі туралы айтты.


«20 сәуірден бастап ірі құрылыс дүкендерінің жұмысы қайта жанданды. Олардың қызметіне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес белгілі бір жағдайларда рұқсат етілген. Жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын құрылыс дүкендерінің жұмыс кестесі сағат 9: 00-ден 18:00-ге дейін жалғасады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бастығы Айнұр Дәулетбаева.


Ол кеңес беруші мен сатып алушының арақашықтығы 2 метр болуы қаншалықты маңызды екенін айтып өтті және халықты карта арқылы төлем жасауға шақырды.

«Ғимарат ішінде дезинфекция жүргізіліп тұруы керек. Қызметшілердің тамақтануын дұрыс ұйымдастыру керек. Тамақтандыруды ұйымдастыру кесте бойынша жүзеге асуы керек, қызметшілер бір жерде жиналып қалмай, өздерін 2 метр қашықтықта ұстауы керек», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар