Нұр-Сұлтанда халықтың 68% коронавирус вакцинасының 1-компонентін алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов коронавирусқа қатысты елордадағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Пандемия басталғалы елордада коронавируспен сырқаттанудың 144 161 жағдайы тіркелді, оның ішінде 139 мыңнан астам адам сауығып шықты. Бұл жалпы науқастардың 97% құрайды. Тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында қала бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарды. Бүгінде қала «қызыл» аймақта қалып отыр», - деді А. Оралов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қазіргі уақытта елорда бойынша 990 төсек-орын қоры бар 7 инфекциялық стационар қызмет етеді. Ал жаз мезгілінде сырқаттану өршіген кезде – 4 мыңға жуық төсек-орын қоры бар 16 инфекциялық стационар қызмет атқарған еді.

«Таңғы мәліметке сәйкес 578 адам ковидті стационарларда ем қабылдап жатыр, төсек-орынның 58,4% науқастар жатыр. Жаз айларында бұл көрсеткіш 70% астам еді. Шілде айының басында 600 адамға арналған ковидті аурухана ретінде бейімделген Көпбейінді №1 қалалық аурухана осы аптада инфекциялық қызметін тоқтатып, өзінің бастапқы қызметіне оралды», - деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, қала бойынша КВИ-ге қарсы вакцина алуға тиісті контингенттің көп бөлігі екпе алды.

«Коронавируспен күрестің басты құралдарының бірі – халықты вакциналау болып отыр. Елорда бойынша вакцина алуға жататын халық саны - 647 мың адам. Оның 68 пайызы немесе 436 мыңнан астам азамат вакцинаның бірінші компонентін алды, ал толық иммундаудан 401 мыңнан көп азамат өтті. Халықты жаппай вакциналаумен қамту үшін 36 медициналық ұйымда және қаланың 5 сауда кешенінде («Керуен», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия парк» сауда, ойын-сауық орталықтары және «Еуразия» сауда үйі) вакциналау пунктері орналасқан. Жаппай вакциналау басталғаннан бері сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде екпені 100 мыңға жуық азамат алды. Халықты вакциналау үшін 300-ден астам медициналық қызметкер жұмылдырған», - деді А. Оралов.


Соңғы жаңалықтар