Нұр-Сұлтанда Халықаралық талдау орталығының тұсауы кесілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «ХХІ ғасыр. Көпполярлы әлем. Үйлесімді іздеу» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференция барысында «Шығыс-Батыс» Халықаралық геосаяси болжау орталығының тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңадан ашылған орталықтың президенті, саяси ғылымдар докторы, профессор Қарлығаш Нұғыманова атап өткендей, орталық әлемдік тәжірибелерді есепке ала отырып, геосаясат бойынша ішкі және халықаралық проблемаларды талқылап, талдау үшін жұмысын бастағалы отыр.

«Біздің орталық - геосаясат саласындағы зерттеулерді жүргізу үшін құрылған тәуелсіз институт саналады. Бұл институт академиялық әлем мен биліктің арасындағы сыни вакуумды толтыратын болады. Оның бағыты сарапшылық жұмыстың айтарлықтай сегментін қамтығалы отыр. Орталықта саяси манифестер жарияланып, еліміздің қоғамдық өмірінде және әлемдік аренада белсенді жұмыс жүргізеді», - дейді Қарлығаш Нұғыманова.

Елордадағы екі күндік халықаралық конференцияға әлемнің 12 елінің абыройлы талдау құрылымдарының 17 жетекші сарапшысы, ҚР Үкіметінің, Сыртқы істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысуда. Олар көпполярлы әлемнің жеткен табысын, Шығыс пен Батыстың жақындасуын, ЕАЭО мен ЕО арасындағы келісімдерді жандандыру секілді мәселелерді талқылайтын болады.

«ХХІ ғасыр. Көпполярлы әлем. Үйлесімді іздеу» халықаралық конференциясы «Hilton Astana EXPO» қонақ үйінде өтуде.

Соңғы жаңалықтар