Нұр-Сұлтанда халықаралық сарапшылар «жасыл қаржы» мәселелерін талқылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл өсімге арналған ІІ форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумды орталық Ұлыбритания бизнес, энергетика, өнеркәсіптік стратегия департаментінің қолдауымен, Цинхуа университетімен және халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) бірлесіп ұйымдастырған.

Жиынның ашылу салтанатында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов 2017 жылы Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп, Қазақстанның «жасыл қаржылық» жүйесі тұжырымдамасының базасы қабылданғанын еске салды.

Ал 2018 жылдың маусым айында «жасыл қаржы» бойынша АҚХО кеңесі құрылды. Кеңеске жаһандық жиырмалық деңгейіндегі тұрақты қаржыландыру көшбасшылары мүше болды.

«Бүгінде АХҚО халықаралық сарапшылармен бірлесіп, өз құзіреті аясында жасыл қаржыға арналған реттеуші база құрумен айналысып жатыр. Сонымен бірге, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен жасыл қаржыландыруды дамыту бағытында белсенді жұмыс атқарудамыз. Экология кодексі жобасын әзірлеу мен оны Парламентте қорғау «жасыл қаржымен» байланысты көптеген инновацияларды енгізуге мүміндік береріне үміттенемін», - деді Қайрат Келімбетов.


Оның айтуынша, АХҚО биржасында алғашқы тәуелсіз «жасыл» облигацияларды шығару үшін орталық мемлекеттік квазимемлекеттік ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан.

«Исламдық қаржыландыруды дамыту аясында жасыл сукук яғни, жасыл ислам қағаздарын шығарумен айналысып жатырмыз. Одан бөлек, жаңа жасыл қаржы құралдарын қолдану үшін, жасыл жобалар пулын құру үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының әкімдіктерімен белсенді жұмыс істеудеміз. «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңы жасыл қаржы саласында Орталық Азия көшбасшысына айналады деп сенеміз. Бұл үшін біздің алаңда бар жағдай жасалған. 2017 жылы жоғарғы деңгейде заңнамалық түзетулер қабылданған болатын», - деді Қ. Келімбетов.

Айта кетейік, «жасыл қаржы» - ауаның ластануын төмендетуге, су, энергия мен жылуды тұтынуды азайту сынды бағыттағы жобаларды дамытуға көмектесетін қаржылық ресурстар. Термин қоршаған ортаны сақтау идеясына негізделеді. Қазақстан - посткеңестік елдер арасында «жасыл экономикаға» көшкен алғашқы мемлекет.




Соңғы жаңалықтар