Нұр-Сұлтанда халық саны 1,1 млн адамға жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда елордадағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 есе артып, 130 мыңға жетті. Бұл туралы бүгін VI кәсіпкерлер конференциясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз үшін шағын және орта бизнесті дамыту - барынша маңызды міндет. Қазіргі уақытта жалпы өңірлік өнім құрылымында ШОБ үлесі 58,8 пайызға жетіп отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш, мемлекет қолдауы анық байқалады. Бизнестің белсенділігі де артып келеді. Уақыттың сын-тегеуріні бізді ойландырмай қоймайтыны түсінікті. Бәсеке де арта түсуде. Сондықтан мұндай кездесулер шешімін күтіп тұрған мәселелермен бірлесе жұмыс істеуге септігін тигізеді. Айта кетерлігі, соңғы 10 жылда елордадағы ШОБ үлесі 5 есе артып, 25 мыңнан 130 мыңға жетті», - деді қала басшысы.

Оның дерегінше, ШОБ шығаратын өнім көлемі жыл қорытындысында 800 млрд теңгеден 5 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Инвестицияның 90 пайызы да жеке сектордың үлесіне тиіп отыр. Мұнан бөлек, жекеменшік балабақшалардың да саны артып келеді. Бүгінде елордада 22 590 орынға арналған жекеменшік балабақша мен мектептер жұмыс істеп тұр. Жекеменшік емханалар да дами түсуде, Қазіргі уақытта елордада осындай 14 мекеме жұмыс істейді.

Сонымен қатар Алтай Көлгінов қазіргі уақытта елорданың тұрғындары саны 1 млн 100 мың адамға жеткенін айтты. Бұл да шағын және орта бизнесті дамытуға мол мүмкіндік беретініне назар аудартты.

«Атамекен»палатасымен бірге шағын бизнеске арналған 1 мың орын деп аталатын тағы бір әлеуметтік шараны әзірледік. Ол жақсы жұмыс істеп тұр және оны одан әрі жалғастырамыз. Арнайы экономикалық аймақты да кеңейтеміз. Бұл бизнеске, әсіресе қаламыздың негізгі экономикалық драйвері саналатын құрылыс секторына қосымша мүмкіндік береді. №1 индустриялық парк те жақсы жұмыс істеп тұр. Ол 97 пайыз толған. Енді «Атамекен» палатасымен бірігіп, оны кеңейту мәселесін қарастырдық. Яғни, 400 гектар жерге №2 жаңа индустриялық парк құрамыз», - деді Алтай Көлгінов.



Соңғы жаңалықтар