Нұр-Сұлтанда газбен жылыту қазандықтары іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада газбен жылыту қазандықтары пайда болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол, сонымен қатар қаладағы 3-ші жылу электр орталығының құрылысы қайта жанданатынын да айтты.

«Президент Жолдауына сәйкес, әр өңір инфрақұрылымдық даму жоспарын жергілікті мәслихатта бекітуі тиіс. Елордамыз өркендей түсуі үшін инфрақұрылымның жетілуі маңызды. Қала халқының саны жыл сайын өсіп келеді. Соңғы 10 жылдың ішінде елорда халқы 2 есеге көбейді. Қазір астаналықтардың саны 1 млн 2 жүз мыңнан асты. Яғни, жыл сайын халықтың саны 50 мыңға өсіп отыр. Соңғы 3 жылдың ішінде 8 млн текше метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы орайда, тұрғын үйдің көптеп салынуы жылу, су, жарық тапшылығына әкеліп соғуы мүмкін», - деді Алтай Көлгінов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.

Қала әкімінің айтуынша, елорданың инфрақұрылымын дамытуға қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді.

«Кейбір мәселелерді жергілікті бюджет есебінен шешуіміз қажет. Айтар болсақ, бүгінде 3-ші жылу электр орталығының құрылысы қайта жанданды. Оның құрылысы 10 жылға жуық уақыттан бері жүріп келеді және оның құжаты ескірген. Сонымен қатар елордада газдандыру процесі жалғасын табуда. Осыған орай біз өзгерістер енгізіп, қазандықтарды газбен жылыту жүйесіне ауыстырдық. Ол үшін Үкіметтен тиісті қаражат бөлінді. Биыл газбен жылыту қазандықтарын іске қосудың бірінші кезеңін аяқтауымыз қажет. Қаладағы құрылыстың қарқынына қарасақ, ЖЭО-3-тің қуаты жетпейді. Сондықтан да біз газбен жылыту жүйесін жобалап жатырмыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, шаһар басшысы әзірге 3 газбен жылыту қазандығы болатынын айтты. Қазандықтар жаңа вокзал, әуежай және Жағалау ауданында орналасады.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиында қаланың инфрақұрылымдық дамуы, тұрғын үй, балалар қауіпсіздігі, тағы сол сияқты мәселелер қаралып жатыр.


Соңғы жаңалықтар