Нұр-Сұлтанда Еуроодақтың ауқымды үш бағдарламасы іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда Еуропа одағының Орталық Азиядағы ауқымды үш бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар: 5 млн еуро құйылған Орталық Азия Инвест, 15 млн еуро қаражат салынған Орталық Азиядағы халықаралық сауданы ілгерілету және 8 млн еуроның Орталық Азияда заң үстемдігін дамыту жобалары.

«Ынтымақтастықтың басты артықшылығы – нақты нұсқаулардың болуы, іс жүзіне асырылуы және Брюссель тарапынан тиісті қаржылай қолдау көрсетілуі. Бүгін таныстырылған үш бағдарлама сол артықшылықтың іс жүзіндегі нақты көрінісі», - деді ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Rixos Astana President Hotel қонақүйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Р. Василенконың атап өтуінше, жалпы 2019 жыл Қазақстанның Еуроодақпен екіжақты және өңіраралық қатынасы тарихында маңызды жыл болды.

«Біз биыл ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясын қабылдауына куә болдық. ЕО елдері Еуропалық одақ, оған мүше мемлекеттер мен Қазақстан арасында кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді рәсімдеу процесін аяқтады. Таяу уақытта оны күшіне енеді деп күтіп отырмыз. Жазда ЕО Президенті Дональд Туск Қазақстанға сапарлап, өзара қатынастың барлық саласы бойынша ынтымақтастығымызға айтарлықтай серпін берді. Шілдеде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ЕО экономикалық мәселелер жөніндегі елшісімен тұрақты түрде кездесулер өткізе бастады. Кеше осы форматта үшінші кездесу өтті», - деді ол.

Өз кезегінде, Еуропа одағының Қазақстан Республикасындағы елшісі Свен-Олов Карлссон жаңа өңірлік бағдарламалар сауда көлемін ұлғайтуға, ЖІӨ өсімін жылдамдатуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайтынын әрі ол жобаларды басқару қызметі аясында бақыланатынын атап көрсетті.

Авторы: Азамат Сыздықбаев

Соңғы жаңалықтар