Нұр-Сұлтанда есірткі зертханасы жойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан аумағында есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Қарасора» жедел-алдын алу шарасы аясында астаналық полицейлер жалпы салмағы 900 грамнан асатын «псилоцин» есірткі заты бар галлюциногенді саңырауқұлақтарды тәркілеген. Бұл салмақ заңнамада белгіленген аса ірі мөлшерден 18 есеге асады, ал құрамында есірткісі бар тәркіленген саңырауқұлақ партиясын бір реттік 5 мың дозаға бөлуге болады.

«Аталған факті бойынша елорданың 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның үйін тексергенде, арнайы жіпше, саңырауқұлақ споралары және минералды тыңайтқыштар табылды. Сонымен бірге, полицейлер сатуға дайын галюцинагендік саңырауқұлақтар споралары және оларды өсіруге арналған жарық шамдарын, термометрлерді, электронды таразыларды, пластикалық контейнерлерді тәркіледі. Жас жігіт өз тұтынуы үшін және жастар арасында сату үшін саңырауқұлақ өсірумен айналысқан. Медициналық сараптама көрсеткендей, ұсталған кезде де «плантация» иесі есірткіге мас болған», - дейді департамент.

Ұсталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі – «Есірткі құралдарын және жүйкеге әсер ететін заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, сақтау», ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі – «Құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды, ол шамамен 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта күдікті Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментігің уақытша изоляторына қамалған.



Соңғы жаңалықтар