Нұр-Сұлтанда есірткі саудасын отбасылық кәсіпке айналдырған ерлі-зайыпты ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда аумағында «Қарасора» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында аса ірі көлемде есірткі жеткізумен және өткізумен айналысатындарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Петров көшесінде елорданың 50 жастағы тұрғыны ұсталды. Әйел адамның жеке заттарын тінту барысында сөмкесінен салмағы 400 грамм болатын сатуға дайындалған гашиш және марихуана табылды. Одан әрі пәтерді тінту барысында оның 47 жастағы күйеуі ұсталды. Ол өз еркімен балконда сақталған 10 кг жуық гашиш және 1,5 кг жуық марихуананы берді», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Боталы көшесінің бойында отбасылық жұптың сыбайласы болған 25 жастағы ер адам ұсталған.

«Оны жеке және автокөлігін тінту барысында марихуана тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 11 килограмнан астам», - деп көрсетілген хабарламада.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі «есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Айыптылар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полиция есірткі жеткізу арнасын, сондай-ақ оның заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтауға кірісті.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД ЕҚҚІБ бастығы, полиция полковнигі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 130 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленген.

Соңғы жаңалықтар