Нұр-Сұлтанда экологияны жақсарту үшін қандай шаралар атқарылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда қоқыс өңдеу зауыты қайта жаңартылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында қала басшысы Алтай Көлгінов мәлімет таратты.

«Қоқыс өңдеу кешенінің аумағына күніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс, қалдықтар шығарылады. Сол жерде сұрыпталып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда заңнамалық базаны қамтамасыз ету мен «waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отыр» деп жазады әкім Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, экология жағдайының нашарлауына жол бермей, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын көбейтпес үшін экология министрлігімен бірге бірқатар шаралар қабылданған.

«Бірінші. Қоқыс өңдеу зауытын қайта жаңартып жатырмыз. Жаңарған кәсіпорын қуатын жылына екі есе, яғни 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттырады. Қалдықтар жартылай автоматты түрде сұрыпталмақ.

Екінші. Полигон екі ұяшықтан тұрса, оның біреуі әбден толып қалған. Салаға жауапты органдармен бірлесіп полигонға рекультивация жүргіземіз.

Үшінші. Былтыр «Северная гряда» кенішіне рекультивация жүргізе отырып, құрылыс қалдықтарын қоймаға жинап, қайта өңдейтін алаң құрылысын бастадық. Бұл экология мен санитария-эпидемиология жағдайын айтарлықтай жақсартады.

Алаңда кірпіш, асфальт, бетон қалдықтары және басқа құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ұсату кешенін орнату қарастырылған. Сонымен бірге, мысалы, құрылыс қалдықтарының 50% қиыршық тасқа, 10-15% арматураға өңдеуге болады.

Төртінші. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жұмысын жалғастыра береміз. Ол үшін қалада контейнерлер орнатылды. ТҚҚ өңдеу деңгейі - 75%, қайталама шикізатты алу – 17% көрсеткішіне жетті. Бұл көрсеткіштерді жоспарлы түрде арттыру қажет. Құрамында сынабы бар шамдарды жинау үшін қала бойынша 530-дан астам арнайы контейнер орнатылды. Бүгінгі таңда 500 мыңнан астам шам жиналып, кәдеге жаратылды.

Пандемия басталғалы бері адам көп жиналатын жерлерде медициналық заттарды, маскаларды, қолғаптарды және басқаларды тастайтын арнайы контейнерлер орнатылды.

Бесінші. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 300-ге жуық полигон жойылды» делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар