Нұр-Сұлтанда екінші индустриялық парк салынады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада екінші индустриялық парктің құрылысы 2023 жылы басталады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азамат Әбдуәлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта бірінші парктің 100% толғанын ескере отырып, №2 индустриялық парк құру туралы шешім қабылданды. Осы мәселе бойынша алдын ала жоспар әзірленді. Оны дайындауға сингапурлық JURONG ірі компаниясы тартылды», - деді А. Әбдуәлиев қалалық мәслихаттағы есеп беру кездесуінде.

Оның айтуынша, екінші парк аумағында 500 млрд теңгеге 150-ге жуық жаңа инвестициялық жобаны тарту жоспарланып отыр.

Инфрақұрылым құны бастапқыда 143 млрд теңге болған.

Бірақ техникалық-экономикалық негіздемені түзеткен соң, жоба құнын 88 млрд теңгеге дейін төмендету жоспарланған.

«Бұл инфрақұрылым бізде 9 іске қосу кешені бар 3 кезекке бөлінген (...) Бірінші кезектегі бірінші іске қосу кешенінің құрылысын 2023 жылы бастау жоспарлануда», - деді Азамат Әбдуәлиев.

Парктің жалпы ауданы – 433 гектар, құрылыс жұмыстары 2030 жылға дейін созылады.


Соңғы жаңалықтар