Нұр-Сұлтанда екінші ауысым оқушыларына сабақ болмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада екінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушылары үшін сабақ болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылдың 19 қарашасында ауа райының колайсыздығына байланысты қала мектептерінің екінші ауысымындағы 0-9 сынып оқушылары үшін сабақ болмайды», - делінген қалалық Білім басқармасы таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында желдің жылдамдығы 18 м/с дейін артатыны ескертілген болатын. Осы уақытта температура бағамы -13 градусты көрсетіп тұр. Сезілуі -29 градус. Бұған дейін бүгін 0-4 сынып оқушыларына сабақ тоқтатылған болатын.

Айта кетейік, ауа райына байланысты оқу процесінің тоқтатылғаны жөнінде ақпаратты келесі дереккөздерден білуге болады: 1) Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің SMS-хабарламасы; 2) iKOMEK109 қалалық орталығының (109 нөміріне қоңырау соғу, немесе мобильді қосымша мен чаттарына тіркеліп, хабарлама алу) ақпараты; 3) Қалалық Білім басқармасының ресми сайты. 4) Білім басқармасының Facebook-тегі ресми парақшасы. 5) Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты . 6) Smart Astana қосымшасы (мобильдік қосымшасына тіркеліп, хабарлама алу).

Сондай-ақ ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «Darmen» мобильдік қосымшасын іске қосқан болатын. Онда сабақтардың тоқтатылғаны жөніндегі хабарламардан бөлек, дауылды гидрометеорологиялық құбылыстар, сейсмикалық қатерлер, қысқы кезеңде автомобиль жолдарының жабылуы, республиканың барлық аумағындағы профилактикалық және басқа да іс-шаралар туралы ақпарат жедел түрде таратылады.

Соңғы жаңалықтар