Нұр-Сұлтанда ДСҰ 12-ші министрлік конференциясы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Женеваға сапарында Дүниежүзілік Сауда Ұйымының 12-ші министрлік конференциясын Қазақстанда өткізу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанды 12-ші министрлік конференциясының төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, халықаралық сауда саласындағы жаһандық жиынды өткізуде ДСҰ-ның тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

«Министр Сұлтанов ДСҰ-ның алдағы Министрлік конференциясының ықтимал қорытындысын талқылау үшін ДСҰ-ға мүше негізгі мемлекеттердің Елшілерімен кездесті. Кездесуде көпжақты сауда жүйесінің протекционизм және біржақты сауда секілді сын-қатерлерге тап болғанын атап өтті. Осыған байланысты, министр ДСҰ-ға қазіргі сын-қатерлер мен қажеттіліктерге толық сай келуге мүмкіндік беретін маңызды шешімдер қабылдау үшін 2020 жылы Нұр-Сұлтанда белсенді жұмыс істеуге шақырды», - делінген ресми хабарламада.

ДСҰ 12-ші министрлік конференциясында ДСҰ-ны реформалау мәселелері, қызметтерді реттеу, инвестициялар мен электрондық саудаға жәрдемдесу саласындағы жаңа жаһандық ережелер және балық аулау субсидиялары бойынша келіссөздер тақырыбы талқыланады деп жоспарланған.

«Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалау идеясын қолдайды және бұл реформалар ДСҰ-ға мүше барлық елдерге халықаралық сауданың біркелкі бәсекелестік жағдайын қамтамасыз етуі тиіс деген қағидатты ұстанады», - деп хабарлады ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Соңғы жаңалықтар