Нұр-Сұлтанда Disneyland салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында Disneyland ойын-сауық паркін салу жоспарлануда. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Disneyland бойынша инвестор тарту үшін арнайы жер телімін қарастырып жатырмыз. Оны инфрақұрылыммен, сумен және электр қуатымен жабдықтау қажет. Жақын арада жер учаскесін және инвесторды анықтаймыз», - деді Е. Бекмырзаев елордада Бүкіләлемдік туристік ұйымның VIII жаһандық саммитінде.

Оның айтуынша, ойын-сауық нысаны парк ретінде салынады.

«Disneyland өз қаражатын ақтайтындай деңгейде салынуы тиіс. Жыл бойы жұмыс істеу үшін оны жабық парк ретінде ойланыстырған жөн. Бізде Қызылорда мен Шымкенттегідей ауа райы жоқ. Бірақ, инвестор келуі үшін жағдай жасау қажет», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, елордада Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) қала туризміне қатысты VIII жаһандық саммиті басталды. Онда ақылды қалаларды дамыту арқылы қаланың өзекті мәселелерін шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен технологиялар тақырыптары талқыланбақ. Жиынға әлемнің 80 елінен 1400 қатысушы жиналды.

Шара барысында ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласын әлемнің ТОП-50 тартымды туристік бағытына енгізу көзделіп отырғанын атап өтті.

Ал Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қаланың 1 миллионнан астам тұрғынының 700 мыңы 35 жасқа дейінгі жастар екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар