Нұр-Сұлтанда бойжеткен «елес» пәтерлерді жалға беріп келген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда «елес» пәтерлерді жалға беру күдігімен 25 жастағы қыз ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұсталған 25 жастағы қыз пайдакүндемдік мақсатта жеке жарнамалар сайтына пәтердің жалға берілетіндігі туралы фейк ақпарат орналастырған. Ол жарнама тартымды болуы үшін өзге хабарландырулардағы пәтерлердің суретін алдын ала көшіріп алған. Бұған қоса, ол жалдау құнын төмен көрсеткен. Келіссөзді телефон арқылы жүргізіп, пәтерді жалға алушының шын ниетіне көз жеткізген соң электронды әмиянға алдын ала төлем аударуды ұсынған. Зардап шегуші ақша аударғаннан кейін алаяқ хабарландыруды өшіріп, телефонын ажыратып қойған», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, ұсталған қызға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 13 зардап шегуші белгілі болып отыр. Бірақ, олардың саны мұнан да көп болуы мүмкін. Жалпы келтірілген залал 500 мың теңгені құрайды.

«Онлайн қызмет пен сауда-саттықтың дамуына орай интернет-алаяқтық саны да арта түсуде. Тек осы жылдың қаңтар айында ғана кибералаяқтық бойынша 290 шағым түсті. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті шын хабарландыруды жалған жарнамадан ажырату үшін ұсынылған қызметтер мен тауарлардың шын екендігін тексеріп алуды ұсынады. Алдын ала төлем жібермеу қажет және қызмет төлемін оның шынайы екендігіне көз жеткізген соң ғана жасаған дұрыс», - деді полициядан.


Соңғы жаңалықтар