Нұр-Сұлтанда баласы қараусыз түнде қыдырған 1500 ата-ана жазаланды
Нұр-Сұлтан қалалық ПД Жергілікті полиция қызметінің жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері 3 маусым күні бір тәулік ішінде ғана түнде үйінен тыс жүрген 70-ке тарта жасөспірімді анықтады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБжК 442-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Сонымен қатар волонтерлердің көмегімен қаладағы коттедждердің бірінде түлектердің мектеп бітірген күнін тойлаған факті анықталды. Тәртіп сақшылары 15 баланы ата-анасына тапсырған.
«Егер баланың бір түн үйінде болмағаны анықталса, ата-анасына алдымен ескерту жасалады. Жағдай қайталанса, іс Нұр-Сұлтан қаласының жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданады», - деп атап өтеді Полиция департаментінен.
Полиция сонымен қатар бұл іске қатысты балалардың ата-аналары ғана емес, оларды кешкісін қабылдаған көңіл көтеретін орын иелері де жазаланатынын ескертеді. Мәселен жыл басынан бері ойын-сауық орындарының 62 иесіне қатысты ҚР ӘҚБжК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жасөспірімдердің көңіл көтеретін орындарында болмауы керектігін ескертеді.