Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасы балаларына арналған оқу орталығы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасы балаларына арналған оқу орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Бүгін елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысуымен көпбалалы отбасылардағы оқушыларды даярлауға арналған «Bilim All» білім орталығы ашылды.

Б.Мәкен тұрғындардың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру маңызды екенін атап өтіп, орталық ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

Орталықта көпбалалы және қолдауға мұқтаж отбасыларда тәрбиеленетін балалар әртүрлі курстарға ақысыз қатыса алады. Орталықта күндізгі топтар, орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдері, математика курстары, шахмат үйірмесі, өнер шеберханасы, гитара және домбыра сыныптары бар.


«Бірінші мақсатымыз – балаларға заман талабына сай қолжетімді білім беру. Біз ҚР Президентінің Жолдауын, атап айтқанда, қосымша білім беру аясын кеңейту туралы ұсынысын толығымен қолдаймыз. Бұл жұмыспен біздің орталық тікелей айналысады», – дейді орталық жетекшісі Райгүл Серікбаева.


Мұнда барлығы 300-ге жуық бала оқи алады. Оқу орталығы Strong Mothers Ns қоғамдық қоры мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің қолдауымен ашылды.

«Мұнда өте қызық. Мұғалімдер сабақты жақсы түсіндіреді», – дейді 7-сынып оқушысы Фатима Шарапатова.


«Орталықтың ашылуын өте ұзақ күттік. Осы курстарға баруға мүмкіндік берген Strong Mothers қоғамдық қорына ризашылығымды білдіргім келеді. Қызым осында ағылшын курсына барады. Алғашқы күндерден-ақ жақсы нәтиже көрсетуде, мектепке дайындалып жатқан ұлымды да осында әкелемін», – дейді оқушылардың анасы Әнел.

Айта кетейік, көпбалалы аналар ақысыз негізде компьютерлік сауаттылық бойынша қосымша курстардан өте алады. Қазіргі уақытта орталықта жиырмаға жуық ана білім алуда.

«Өзім көпбалалы ана ретінде осында компьютерлік сауаттылығымды арттырып, біраз нәтижеге қол жеткіздім. Орталықты ашуға қолдау білдірген әкімдікке, қоғамдық қор мүшелеріне алғыс айтамын», – дейді Гүлмира есімді көпбалалы ана.

«Bilim All» орталығы Уәлиханов көшесі, 3 мекенжайында орналасқан. Қазір топтарда бес баладан көп емес. Баланы тіркеу үшін кеңсеге келіп, қажетті құжаттарды тапсыру керек.



Соңғы жаңалықтар