Нұр-Сұлтанда аула кеңістігін құрудың жаңа тәсілі енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада аула кеңістігін құрудың жаңа тәсілі енгізілді. Елорданың жаңа аулаларында тыныш орындар мен спорттық аумақтар ашылады. Онда балалар да, ересектер де, зейнеткерлер де бос уақытын тиімді өткізе алады. Сонымен қатар, үй жануарларымен серуендеуге де жағдай жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елорда әкімдігі бұқаралық спортты дамытуға және оған жұрттың қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Осылайша, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) салу және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда.

Осы маусымда ғана елорда әкімдігі 120 аула мен 40 қоғамдық кеңістік салады. Сол сияқты ескі орындар жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек аулалары жоқ үйлерге, қараусыз қалған учаскелерге, бос орындарға баса назар аударылатын болады. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді салу және абаттандыру кезінде қаланың ескі бөлігі мен тұрғын алаптарына ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыстар қаланың барлық ауданын қамтиды.

Мысалы, Байқоңыр ауданында (Бейсекбаев көшесі 21, Абай көшесі 101, Тәшенов көшесі 17/1) аула кеңістіктерінің құрылысы белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ, сол ауданда орналасқан Алатау шағын ауданы аулаішілік аумақтармен қоршалады. Шағын ауданда тоғыз үлкен аула абаттандырылады, бұл жақын маңдағы барлық тұрғын үйді (Иманов көшесі 32, 32/1, 32/2, 34, 36; Бейсекбаев көшесі 1, 3; Тархан көшесі 5, 5/1, 7, 7/1) қамтуға мүмкіндік береді. Үй тұрғындары аула кеңістіктерінің ашылуын асыға күтіп жүргенін жеткізді.

«Құрылыс жұмысының аяқталуын асыға күтіп жүрміз. Өз ауламыздың болғанын 20 жылдан астам уақыт бойы армандадық. Енді тіпті иттерді серуендетуге арналған орнымыз болады. Балалар өте қуанышты. Олар жазғы демалысын жаңа аулада өткізуді жоспарлап отыр. Тіпті, достарын қонаққа да шақырып қойды», - деді Бейсекбаев көшесі, 21 үй тұрғыны Татьяна.

Жаңа аулаларда спортпен шынығу құралдары, ойын кешендері, түрлі әткеншектер, балаларға арналған төбешіктер, құмсалғыштар секілді жағдай қарастырылатын болады. Сол сияқты тыныш аймақта қарттарға арналған беседкалар бар.

«Екі баланың анасы ретінде жаңа аула салынып жатқанына қуанып жүрмін. Бұрын балаларымды ойнату үшін көрші аулаға баратынбыз. Енді бәрі өзімізде ашылатын болды. Бұл өте ыңғайлы», - деді Айнұр есімді Тәшенов көшесі, 17/1 үйінің тұрғыны.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Нұр-Сұлтан әкімдігі 76 гектардан астам жерді абаттандырды. Бұл – шамамен 150 аула және 60 қоғамдық кеңістік (саябақ, гүлзар, желекжол). Осылайша елорда халқының төрттен бір бөлігінде спортпен айналысып, серуендеуге арналған орындар ашылды. Биыл қала тұрғындарының жартысына арнап, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салынады.

Аулаларды абаттандыру кезінде көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл қалада бір миллионнан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.), оның ішінде елорданың «жасыл белдеуіне» отырғызу жоспарлануда.

Елорда «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында дамып келеді.


Соңғы жаңалықтар